Әзербайжан Қазақстанды шақыруда

2315
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бакуге ресми сапармен барды. Онда ол Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен, премьер-министр Али Асадовпен және сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен кездесті. Келіссөздер барысында Әзербайжан премьер-министрі қазақстандық компанияларды Таулы Қарабақты қалпына келтіруге қатысуға шақырды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Тілеуберді Әзербайжан басшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді.

Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанның бұрыннан келе жатқан сенімді қарым-қатынасы туралы айтып өтті.

«Бұл достықтың іргетасын кезінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Алиев қалаған және бүгінде екі ел президенттері бұл бағытты жалғастыруда», - деді ол.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жоспарланған сапары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Әзербайжан үкіметінің басшысы сауда қатынастарын дамытудың Әзербайжан өнімдерін Қазақстанның батыс аймақтарына жеткізудегі әлеуетін атап өтті. Ол қазақстандық компанияларды бүгінгі Әзербайжан қоғамы үшін басымдық болып саналатын Таулы Қарабақты қалпына келтіруге белсенді қатысуға шақырды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер