Мәшһүр Жүсіп Көпеев публицистикасындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі

5070
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына байланысты Ә.Пазылов пен Ж.Кадированың бірлесе дайындаған материялын назарларыңызға ұсынамыз.

Мақалада Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармаларына арқау болған қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдай сипатталған. Әсіресе, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» шығармасына талдау жасалады. Ономастика мен тарихтың сабақтастығы сөз болып, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларында көтерілген мәселелердің бүгінгі күнгі өзектілігі айтылады.

ХХ ғасырдың басында Ресей өзінің орыстандыру саясатын ашық жүргізе бастады. Қазақстандағы шұрайлы жерлерге мұжықтарды қоныстандыру,  қауымдық жерлерді тартып алу, күнкөріс жерден айыру қазақ қоғамының әлеуметтік бөлшектелуін де туғызды.

1905-1907 жылдары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, т.б. қазақ зиялылары патша өкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған саясатына қарсы шықты. Мәшһүр Жүсіптің де саяси қайраткер болып шыңдалуына елде болып жатқан өзгерістер әсер етпей қоймады. Оның публицистикалық қызметінің оянуы және алғаш кітап шығаруы да осы кезеңге тап келді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1907 жылы «Қазан» баспасынан үш кітабы жарыққа шығады.

foto-ryimbek-pazyilov-173kadirova-2

Олар:

  • «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» кітабының өлең түріндегі жазылған нұсқасы [1; 28-б] ;
  • «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы»;
  • «Хал-ахуал» кітабының өлең түрінде жазылған нұсқасы [1; 24-б]. «Хал-ахуал» кітабының мұқабасында «Казань. Типо-литографія Императроского Университета 1907» деген жазу бар. Ал бірінші бетінде «Казань книжный магазинь Н-вь ХУСАИНОВЫХЬ» - деп жазылған.

Ақын бұл үш еңбегінде қазақ даласын жайлаған әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті сынайды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітаптарын жарыққа шығарғаны үшін Қазандағы кітап шыққан баспахананың иелері – ағайынды Хусайыновтарға 12 мың сом көлемінде айып салынып, 14 кісіні айыптап сотқа тартқан [1; 16-б]. Осыдан барып 1907 жылы Мәшһүр Жүсіп сапарға шығуға мәжбүр болды. Себебі аталмыш кітаптардың шығуына байланысты патшаның заң орындары Мәшһүр Жүсіпті қамауға алуға бұйрық берсе керек. Ендігі жерде оның соңына түсіп, ізін аңдығандар көбейеді.  Мәшһүр Жүсіптің жоғарыдағы кітаптарының үшеуі де, қатал сынға алынып, Қазан полицмейстері арқылы қудаланғаны мәлім [2; 14-б].

Кітаптары қудалауға ұшырағандықтан, ұлдары мен қасындағы жандарға кесірім тимесін деген оймен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ даласының оңтүстік аймақтарына сапарға шығады. Осы сапары туралы «Жетісу сапары», «Түркістан, Ташкент сапары», «Қырғыз сапары», «Ереймен сапары» [3; 115-б] деп аталатын өлеңдерінде жазады. Мәшһүр Жүсіптің сапары туралы Дихан Әбілев: «...Бұл жолы «Қашқын» тәрізді тағдыр тәлкегімен 1907 жылы барып төрт жыл жүріп жиһангез боп елге оралады» [4; 124-б] деп жазады.

Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы»  еңбегінің бірнеше нұсқасы бар. Олардың барлығы да «Мәшһүр Жүсіп» көп томдық шығармалар жинағына Қуандық Мәшһүр Жүсіповтің басшылығымен жарыққа шыққан. Аталмыш кітаптың бірінші, қолжазба түріндегі нұсқасы Нартай Қуандықұлы Жүсіповтің әзірлеуімен алғаш «Қазақ тілі мен әдебиеті»  журналында басылды [5]. Ол толығымен Қуандық Мәшһүр-Жүсіповтің әулеттік мұрағатында сақталған.

Екінші, қолжазба түріндегі нұсқасы – Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы  ОҒКҚҚ-да сақтаулы [6].

Үшінші, өлең түрінде жазылған нұсқасы «Мәшһүр Жүсіп Көпеев» таңдамалы жинағында басылды [7]. Бұл кітаптың 1907 жылы Қазан қаласында басылғаны, оның қара сөзбен жазылған көп бөлігінде қазақ тарихы қарастырылғаны белгілі. 1990 жылғы Мәшһүр Жүсіп таңдамалысының бірінші томында сол кітаптағы ақын өлеңдері ғана беріліп, ал, қара сөздері енбей қалған болатын.

«Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы»  еңбегінде Мәшһүр Жүсіп көбінесе аграрлық мәселе төңірегінде сөз қозғап, тереңнен сыр шертеді. Отарлау саясатының салдарынан мал өрісі тарылып, ел арасында арандатушылықтың кең өріс алғанын сынға алады. Қалай дегенмен де «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» еңбегі бірнеше нұсқадан тұрғанымен де, көтерген мәселесі мен мазмұны жағынан бір мақсатты көздегені ақиқат. Себебі Мәшһүр Жүсіпті осы кітапты жазуға итермелеген қоғам заңдылықтары болса керек. Себебі ол: ««Қазақтың осы күнгі әңгімесі» деп, сөйлеп, «Сарыарқа» деп ат қойып, Сарыарқаның кімдікі екендігі екенін әйгілеу үшін ...»,- деп ескертіп өтеді.

«Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы»  еңбегінде жер-су аттарының шығу тегіне тоқтала келе, жердің бабаларымыздан аманат болып жеткенін ескертеді. Бұл Сарыарқадағы жер аты бәрі қазақтың ата-бабасының аттары екенін баяндай отыра, алаш азаматтары мен көкірегі сергек ел ақылдыларына ой салады. Мәшһүр Жүсіп: «... Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие болған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаумен алысып, жатпен соғысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздарды жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алынған жер еді»,-деп, Сарыарқадағы жерлердің киелілігі батырлардың ошағы және ерлік пен батырлықтың куәсі болуымен құнды екенін жазады. Сарыарқаның тарихын қысқа да болса сипаттай келе, Мәшһүр Жүсіп: «Күнбатысы - Сырдария, күншығысы - ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі - Жетісу өзен. Солтүстігі - Еділ, Жайық. Сол төрт судың арасы заман қадымда тауарихларда «Дешт-қыпшақ» атанған», - деп Сарыарқаның ертеден халқымыздың қоныстанған жері екенін және оның кең байтақ екенін көрсетеді.

Мәшһүр Жүсіп Сарыарқадағы елеулі оқиғалардың куәгерлері болған жер-су аттарының шығу тарихын төмендегідей сипаттайды:

  • «Жасыбай асуы» - Жасыбай батырдың қалмақпен соғыста қаза тапқан жері.
  • «Қалмақ қырған» - Олжабай батырдың қалмақты қырған жері.
  • «Жалаңтөс асуы» - Олжабайдың қалмақ заманында қоныс қылып, қыстаған жері.
  • «Шойынды көл» - Олжабайдан қашқан қалмақтар ыдыс-аяқтарын бір жерге жинап тастап кеткен. Содан әркім бір нәрсе тауып, солай атап кеткен.
  • «Баянаула» - Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері Баянаула тауы екен. Сондықтан да тау аты «Баянаула» аталып қалған.
  • «Қарқаралы-Қазылық» - осы қыздың қарқарасы түсіп қалған жерді осылай атап кеткен.
  • «Домбыралы», «Моншақлы» - домбырасы мен бет моншағы түсіп қалған жері.
  • «Тоқырауын», «Жамшылы» - жамшысы түсіп қалған жері.
  • «Алтынсандық», «Ақшатау» - сандығы түсіп қалған жер.
  • «Өлеңті» - өлең айтып, той қылған жері.
  • «Жауырбұғы» - аттарының шідері түсіп қалған жер [8, 277-б].

Демек, жер-су аттары ел тарихымен тығыз байланысты. Мәшһүр Жүсіп: «Бұл Сарыарқа біздің қазаққа «атасының құны» болып, олжа болып еді. Біреу біреуге: «Менде атаңның құны бар ма еді ?!» - дейді ғой. Сондай-ақ атамның құны болған үшін жер-судан айрылып, қаңғып, қоныссыз жүргеніме ішім күйіп, өлсем, ойымнан кетер емес!» [8, 267-б] - деп жазады.

1903-1907 жылдар аралығында Баянауылда да казактар станциясы пайда болып, ауылдарға да көшіп келу тоқтамады. Қоныс аударушылармен бірге Баянаула жеріне қарақшылар да келді. Олар жайбарақат жатқан қазақ ауылдарына шабуылдар жасап, жолаушылар мен шаруаларды соққыға жығып, оңай олжаға кенеліп жатты. Қоныстанушыларға еркіндік бере отырып, қазақтардың бетке ұстар азаматтарының көзін жойып, жергілікті халықты шет аймақтарға ығыстыруды ойлаған губернаторлар, орыс және украин шаруаларын қазақтармен күресудің әскери күші деп санады. Сондықтан да қоныс аударып келушілерге сақтану үшін деген жалаумен қарулануға, ату мен тонауға ерік берді. Отарландырудың экономикалық зардаптарын айтқан кезде қазақ егіншілік мәдениеті артқа шегінетінін атап өту қажет. «Шаруалар өздеріне берілген жердің шекарасын ұлғайтып қана қоймай, бұрын жергілікті адамдар өңдеген жерлерді тоздырып жіберді», - деп жазды губернатор Кауфман. «Бір жерде бір қазақты мұжық атып тастаса, қазақ өлгенін қолына алып, көміп, мұжық үйінде қаннен-қаперсіз тыныш отыра береді. Егер бір қазақ бір урядникке қарсы келсе, атқанын атып, айдағанын айдап, қазақты қойдай тізіп, қозыдай көгендей бастайды» [8, 268-б], - деп ел арасындағы әділетсіздікті отарлау саясатының жалғасы екенін түсінген Мәшһүр Жүсіп отандастарын орындарынан қозғалмауға шақырып, егін салып, шаруашылықпен айналасуды ұсынды. Ресей отарлығы өлкенің егістік шаруашылығын күйретіп қана қоймай, қазақ-орыс қарым-қатынасының асқынуына әкелді. Казак басшыларының қазақтарды қанау тәсілі қақтығыстарға, кейде қарулы күреске соқтырды. «Казактарға шаруашылыққа ең қолайлы, шұрайлы жерлер беріліп, қырғыз (қазақтардың) құқы мен мұқтаждығы ескерілмеді, казактарға зор еңбекті қажет ететін дайын егістік алқаптар мен арықтар ғана беріліп қоймай, оларға текке қажеті жоқ ең жақсы қыстақтар да тартып алынып берілді. Шаруашылығына ең қажетті, мал шаруашылығы мен егіншілікке маңызды салаларда қырғыз (қазақ) казактарға тікелей бағынышты болды, олар үшін жергілікті халық баюдың ең арзан және жеңіл құралы болды», - деп көрсетті өз есептерінде Кауфман. Қазақтардың жаппай жерсіз қалуы, кедейленуі қазақ ауылының ішінде тапқа бөлінуге әкеп соқтырды. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп «... жер-суын: «учаске» деп, бір алды, «войсковой» деп бір алды. Бұл екі алыспен ағашты, шабындылы жерден қазақ айырылды. Суырша жонға шағып, жан сақтап жүр еді: «Егінге лайықты!» деп, ол жан сақтап жүрген жерлерін мұжық келіп және алды» деп  жазды [8, 267-б].

Мәшһүр Жүсіп «Сарыарқа тарихы» еңбегінің бірінші нұсқасында ел азаматтары мен алаш тұлғаларына ұлттық сана бен болмысты қайта қалпына келтіру үшін төмендегі мәселелердің қаперде болғанын ескертеді:

Ұлт қамын ойлайтын бір ғана партия керек. Мәшһүр Жүсіп: «Қай жерде қажы көрсең, партия басы, қай жерде ишан көрсең, партия басы, қай жерде халфе көрсең партия басы, қай жерде қожа, молда көрсең, партия басы. Бұл күнгі қожа, молда қазақтың соңына ереді, қазақ малдың соңына ереді. Мал далаға өреді, сонан соң жұрт қалай оңсын, қалай түзелсін?!» [8, 270-б],-деп қазақ зиялыларының әр қайсысы бір-бір партия ашып алып, санын толтырып, өз тұжырымдарын дәлелдеп, қоғамды кері тартып жатқанына қынжылыс білдіреді.

«Жаңа низам шығарғанда, қазаққа пайдалы жұмыстарды низамға қоса тіркеп, бұйрықпен түсіру керек. Бірінші пайда – партия қалуы. Екінші пайда – ұрының тыйылуы. Үшінші пайда – байлардың өзіне тоқтау, тыю болуы. Төртінші пайда – ишан, қажы, қожа, молданың бұрынғы адасу еркіне жіберілмесілігі. Бесінші пайда – балалардың оқуына усули жәдит, жаңа тәртіп берілуі. Алтыншы пайда -  көшіп-қонудың өзіне тағылым үйретуші шығуы. Жетінші пайда – қазақта бір үйден бір үй от алатұғын рәсім бар, даладан қазатұғын жерошақ деген бар. Осы екі жұмысқа тыю, тоқтау салу және қойшылардың далада от жағып, сүт пісіретініне тоқтау шығару. Осыларды қылмағанға кісі құнындай ауыр жаза кесу» деп жазды. Осылайша, Мәшһүр Жүсіп қазақ қоғамын өркениетке жетелеу қағидаларын саралап берген.

Бүгінде Мәшһүр Жүсіп өмір сүрген біздің ортамыз бөлек. Дегенмен қазақ жері, қазақ тілі, қазақ салт-дәстүрі, қазақ тарихы мәселелері тәуелсіз қазақ елі үшін көкейтесті мәселе болып қала бермек.


Ә.Қ.Пазылов,

Мәшһүр Жүсіп мұражайының қызметкері,

Ж.Ә.Кадирова,

С.Торайғыров атындағы Павлодар

 мемлекеттік университетінің магистранты.


 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Таңдамалы. Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1990 ж.
  2. Шалғымбаева Жұмағыз «Қыспақ көрген кітаптар» //«Мәдениет» газеті, №13, 1993 жыл.
  3. Мәшһүр Жүсіп. Шығармалар, 1- том, Павлодар, ЭКО, 2003.
  4. «Жұлдыз» журналы, №12, 1992 жыл.
  5. «Қазақ әдебиеті» газеті, №4, 1994 ж.
  6. №1177-папка.
  7. Мәшһүр Жүсіп шығармалары. Павлодар: «ЭКО», 2004 жыл.
  8. Мәшһүр Жүсіп шығармалары. Павлодар: «ЭКО», 2004 жыл.

 

 

 

Пікірлер