Медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған алғашқы фестиваль – Атырауда

1388
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысында медиа және ақпараттық сауаттылыққа арналған  «MediaLitFest» бірінші онлайн-фестивалі ресми түрде өз жұмысын бастады.

Алғаш болып Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Ляйля Қойшығұлова құттықтау сөз алып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, шара барысын аталған университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк Мұқашева жүргізіп отырды.

– Қазіргі қоғамдағы медиасауаттылықты арттыру қажеттілігі бар екендігін ескерсек, бұл жоба өзекті екендігі рас. Медиасауаттылықтың жоқтығы ақпаратты тұтыну барысында ақпараттық теңгерімсіздікті тудырады: сананы улау, қауесеттерге сендіру, жалған ақпарат тарату, адамдардың фактіге сүйенген деректер мен ақпарат көзін таба алмауы және тағы басқа. Карантин жағдайында көптеген адам интернет ресурсы арқылы білім алуға, ақпарат алуға дағдыланды. Алайда, интернетте контент жасау мен оны орналастырудың жаппай қолжетімділігі оның сапасы мен шынайлығына кепілдік бермейді. Сондықтан ақпарат ағындарын басқару, оған бейімделу және өзіне қажетсіз ақпараттардан аулақ болу білігі сынды медиасауаттылық мәселелері – бүгінгі қоғамның алдында тұрған маңызды қажеттіліктердің бірі, – деген ойымен бөлісті жуырда ғана «Кітап мәдениетіне қосқан үлесі үшін» медалін иеленген, университеттің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк Мұқашева.

Атырауда алғаш рет өтіп жатқан шараны ұйымдастырушылардың бірі Татьяна Голубцова мұндай мол мүмкіндікті жіберіп алмау қажеттігін алға тартады.

– Әр қаланың өз құпиясы мен ерекшелігі бар, – дейді ол. – Менің бір байқағаным, Атырау өте музыкалық және шығармашылық қала. Бұл фестивальдің «медиа» деп аталуы да тегін емес. Оның өзгелерден ерекшелігі сол, мұнда дыбыс, бейне, қозғалыстағы сурет, өнердің сан алуан қыры қамтылған. Журналистика мен әлеуметтік желілер де медиакеңістіктің бір бөлшегі болып табылады. Медиажурналистика байырғы журналистика негіздерін өнер элементтерімен байланыстыра түседі. Яғни, бұл шарада журналист болғысы келетін жандар ән, әуен, кино арқылы да шабыт алады, қанаттанады. Бұл жоба орталықтандырылған «MediaCAMP» бағдарламасы шеңберінде жасалған. Оны Халықаралық даму бойынша АҚШ агенттігінің (USAID) демеушілігімен «Internews» жүйелі жүзеге асырып келеді.

Пікірлер