"Әдебиет жанашыры" атанған мұнайшы

9523
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі қоғамда көркем әдебиет оқитындар азайып кетті деп дабыл қағатынымыз рас. Әсіресе, жастар арасында кітап оқып, білімін жетілдіретіндер аз. Тіпті осы орайда Білім және ғылым министрлігі орта білім беретін мектептерде "Оқуға құштар мектеп" жобасын жүзеге асыруда. Ал  маңғыстаулық мұнайшы Қазбек Тажбенов мұндай жоба мектептерде ғана емес, әр отбасында жүзеге асырылуы керектігін айтады. Бүгінге дейін 4 мыңға жуық кітап оқып, жанына қазақтың әдебиетін, оның ішінде поэзия мен прозаны серік еткен мұнайшы қазір өз замандастарына үлгі болып отыр. 

"Көшпенділерді" жайма базарда оқып, аяқтадым"  

Қазбек Тажбеновтің отбасы Түркменстаннан Маңғыстау облысына 1991 жылы көшіп келген.  Отбасында екі баланың үлкені Қазбек ата-анасына кішкентай кезінен қолғабыс болып, үйдің жұмысына ерте араласқан. Кейін мектепке барған соң әдебиетке, кітап оқуға деген қызығушылығы артады. Мұғалімдерінің бағыт беруімен қазақ және шетел әдебиетін оқып бастайды.

Осылайша ол алғаш рет 3-сыныпта Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясын оқып аяқтайды.

— Менің кітап оқуға деген құштарлығым бала кезден басталды. Көркем әдебиет оқу менің күнделікті "жұмысыма" айналды. Қолым қалт етсе, кітаптан басымды алмай, үнсіз шұқшиып отыратынмын. 1997-98 жылдары ел ішінде жоқшылық, тоқырау болып, ата-анамда тұрақты жұмыс болмай, бәріміз базарға шығып кеттік. Сол кезеңде мен Ақтаудағы жайма базарда анамның тіккен тақияларын саттым. Анам ұлттық бас киімдер, оның ішінде ер адамдарға арналған тақия тігіп сататын. Содан жайма базарда сауда жасап жүріп, кітап сататын сөрелерге барып көркем әдебиеттер оқыдым. Менің осылайша алғаш оқыған тарихи романым — "Көшпенділер" болатын. Кітап сатып алуға ақшам болмаған соң, сатушыдан аз уақытқа сұрап, базарда күніне сол романның 10-15 бетін оқып кететінмін.

Ақыры бірнеше аптада әлгі роман-эпопеяны аяқтадым. Содан бір күні қасынан шықпаған соң әлгі кітап сататын сатушы менен "Көшпенділердің" мазмұнын айтып беруімді сұрады. Мен бар оқығанымды сол күйінде баяндап бердім. Менің кітапқа деген ынтам мен әдебиет оқуға деген қызығушылығыма сүйсінген сатушы маған сол "Көшпенділерді" сыйлаған еді. Міне, сол кезден бастап мен барған жерімнен кітап сатып немесе сұрап алуды әдетке айналдырдым. Осылайша бүгінге дейін прозасы, поэзиясы бар, барлығы 4 мыңға жуық кітап оқыдым, — дейді мұнайшы.

Қазбек Тажбенов 2008 жылы Тараз мемлекеттік университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген. Бүгінгі күні Маңғыстау облысындағы "Қаражанбас Мұнай" АҚ-да құрылысты қадағалау бөлімінде аға инженер болып жұмыс істейді. Ол өндіріс орнындағы ішкі аралық жолдардың тегістелуін, мұнай ұңғымаларын қалпына келтіру жұмыстарын қадағалайды. Өзі өндіріс орнында еңбек етсе де, қазақтың әдебиеті мен руханиятын ерекше бағалайтын ол бұл жерде де қолы қалт етсе кітап оқитынын айтады.

— Бұл өндіріс орнында еңбек еткеніме 13 жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Әрине әдебиет десе бүйрегім бұрып тұрады. Қазақтың, шетелдің талай ақын-жазушыларының өмірімен, шығармашылығымен таныстым. Мұқағали, Төлеген, Фариза сияқты ақындардың шығармаларының көбін жатқа айта аламын. Бұл менің әдебиетке деген құштарлығымның бір көрінісі шығар. Жалпы осы күнге дейін талай өңірді аралап, тарихты, шежірені де зерттедім. Атап айтсам, Жанқожа, Есет, Ақтан батырлар туралы мәліметтер жинап, сол кісілердің жатқан жерлеріне тәу еттім.

Кітап адамның ой-өрісін, білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ұлттық рухты көтереді. Сондықтан өзім көп жағдайда танымал тұлғалар туралы оқып қана қоймай, олар туралы жақынырақ білуді жөн санаймын. Сондықтан тарихта болған танымал тұлғалардың жатқан жерлерін, өмір сүрген ауыл-аймақтарын да аралағанды ұнатамын, — дейді ол.

 

"Мұқағали мен Төлегенді сүйіп оқимын"

Соңғы кезде Қазбек детектив жанрын оқуды қолға алыпты. Қазір ол Д.Жиенбаевтың  "Тула мафиясының мүшесі" кітабының екінші томын оқып жүр. Ал жуырда Шойбек Орынбайдың "О дүниеден соғылған телефон" атты шығармасын оқып аяқтапты.

Мұнайшы әңгіме арасында сүйікті ақын-жазушылары туралы да айтып қалды. Ол қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев, сыршыл ақын Төлеген Айбергенов және халық жазушысы Шерхан Мұртазаны сүйіп оқиды екен.

— Мен бала кезімнен Мұқағалиды сүйіп оқимын. Оның бірнеше өлеңін жатқа білемін. Жуырда Алматы облысында ақиық ақынға арнап орнатылған ескерткішті көріп, қатты "қарным ашты". Қазақтың "Хантәңірі" атанған ақынның ескерткішіне осыншама немқұрайлылықпен қарауға бола ма? Бұл біздің ұлы тұлғаларымызды құрметтеп, қадірлей алмай жатқанымыздың бір көрінісі деп білемін. Мұқағали өзі айтып кеткендей:

"...Тойланбаса тойланбасын, нe етейін?

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін", — демекші, біздің мұндай ісіміз ақынның рухына деген әділетсіздік деп түсінемін. Жалпы менің ойымша, кез келген қалада,  облыста ақын-жазушыларға арнап ескерткіш жасайтын мүсіншілердің әдебиеттен хабары болғаны дұрыс. Әрбір мүсінші Мұқағалиды, Төлегенді, тағы басқа ақындарды білуге тиіс. Міне, әдебиетке деген құрмет осыдан басталады, — дейді Қазбек.

Айта кету керек, бүгінде Қазбек Тажбеновтің жеке кітапханасында 3052 кітап бар. Жуырда жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барған ол 70 кітап сатып алыпты. Әркез әдебиеттің жанашыры болып жүретін мұнайшы осылайша өз замандастарына үлгі көрсетіп келеді.

Тіпті ол өндіріс орнында өтетін қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Кейде өмірден көрген-түйгенін қағаз бетіне түсіріп, ішкі толғаныстары мен ойларын өлең қылып жазады.

Бір сөзбен айтқанда, сегіз қыры, бір сырлы мұнайшы осылайша маңғыстаулықтардың мақтанышына айналып үлгерген.

Отбасында Аңсар есімді ұл өсіріп отырған Қазбек Тажбенов еліміздегі барлық ата-аналар балаларын ұлтжанды, патриот етіп тәрбиелеп, қазақтың ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен әдебиетін бойларына сіңіріп өсірсе деген тілегін  жеткізді.

— Қазақтың әр баласы өз ана тілін білуі, құрметтеуі керек. Қазір жастар Еуропаға еліктейді. Еліктеу керек, бірақ қазақы тәрбиені ұмытпау керек. Тәрбие отбасынан басталады. Сондықтан ата-аналар өз балаларына отбасында қазақы тәрбие беріп, өз ана тілін, дінін, әдеп-ғұрпын құрметтеп, оны сақтау, насихаттауға атсалысуы керек, — дейді мұнайшы.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер