ЕЛДОС ТОҚТАРБАЙ: Саны бар, сапасы жоқ кітап кімге керек?

3212
Adyrna.kz Telegram

Бауырлас ел Түркияның Қазақстанға деген көзқарасы мен құрметі айрықша. Әсіресе, ғалымдары мен жас зерттеушілерінің қазақ тарихына, әдебиеті мен тіліне, мәдениетіне, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайына деген ынталары сұмдық. Ізденіп, жаңалық ашуға ұмтылып тұрады. Талай сақа ғалымдардың әңгімесін тыңдап, қатарлас жастармен пікір алмастым. Бәрінің айтатыны сол — Түркияның Ұлт кітапханасы мен Ұлттық кітапханасындағы қазақ кітаптарының аздығы және сапасы (!).

Мәдениет министрлігінің қолдауымен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана жыл сайын зейнеткер Үмітхан Мұңалбаева деген профессор, доктор ғылыми атақ-дәрежесін толық иемденіп алған апайымыз дүниенің төрт бұрышына алдына әдебиет, мәдениет саласынан делегацияны салып алып, “ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ОРТАЛЫҒЫН” (ресми аты солай) ашып жатады. Ашқаны — дұрыс. Улатып-шулатып жарнамасын “өлтіреді”. Бірақ сол аты дардай ОРТАЛЫҚ орталық емес, жай ғана БҰРЫШ екен(?!). Осындай пиарщиктердің кесірінен Қазақстанның атына дақ түсіп, айдай әлемге қазақтың әдебиетін МАСҚАРАЛАП жатырмыз! Құдай ақырын берсін!

“Айдағаны бес ешкі — ысқырығы жер жарады” деген осы. Алдына қазақ зиялысын салып алып, бақырып-шақырып жүретін осы кісіні алмастырар 19 миллион қазақ ішінен біреу құрып қалды ма?! Зейнеткер неге орнын босатпайды?! Елордамыздағы Ұлттық деген аты бар руханият ордасы парасатты басшыға жарымады ғой, тегі! Президентке де, Үкіметке де, оқырманға да зиян келтіріп жатқанын ойласаң, аза бойың қаза болады… Түркиядағы оқырман қауым көзбояушылықпен айналысатын осы “орталық” ашу ісінің мастері болған апамыздың жұмысына наразы.

Мемлекет қаржысынан (сіз бен біздің салығымыздың есебінен) іс-сапар ұйымдастырып, кітаптар алып барады. Қандай кітаптар дейсіз ғой?! Ешкімге керегі жоқ, ешкім ешқашан оқымайтын кітаптар. Мәселен, Түркияда немесе басқа елдегі осындай бұрышта тұрған Ермек Аманшаев деген шенеунік “жазушының” кітабы мен Ассамблея деген арамтамақ ұйымның өтірік есептері жинақталған кітаптар, “Мен Төке Танаұлымын” (Бір байдың кітабы) сияқты кітаптар кімге керек?!

Ел іздейтін, оқырманға аса қажетті кітаптарды неге жеткізбейді? Мәселен, қырғыз, өзбек сықылды қандас ағайынның кітап бұрышында Ұлттық энциклопедиясынан бастап классик жазушыларының, танымал ғалымдарының кітаптары, сол мемлекетті танытатын нағыз керек әм пайдалы кітаптар самсап тұр! Қазақтың кітап бұрышы — жетім бұрыш сықылды… Біздің ұлттық 12 томдық энциклопедия, “Абай”, “Мұхтар Әуезов” сияқты тұлғалық энциклопедия, “Шаңырақ” этнография энциклопедиясы, “Қазақстан тарихы” көптомдығы сияқты кітаптар қайда?! “Абай жолы” романының қазақшасы жоқ, есесіне орысшасы бар. Орысша кітаптар ығы-жығы. Бұл Қазақстанның емес, Ресейдің бұрышы сияқты көзге қораш көрінеді. Әбден орысқұл болып кетіппіз ғой. Тым болмаса өз сөрегімізге ана тіліміздегі кітапты қоя алмадық. Ал Түріктер орысшаны оқи ма?

Жарайды, Еуропаның бір мемлекеті болса, көз жұматын едік. Бұл қазақша білетін ағайын ел емес пе? Неге кітап сөресінде академик Рәбиға Сыздық бастаған лингвистердің, академик Серік Қирабаев бастаған қазақ әдебиеттану ғылымының аса керекті кітаптары көрінбейді?!

Неге шетел кітапханаларына жіберілетін кітаптар таным-талғам сүзгісінен өтпейді?! Неге байлардың шимай-шатпай өлеңсымақтары мен шежіре, өмірбаянындары жіберілген?! Сұрақ көп…

Ұлттық академиялық кітапхана — елдің айнасы. Өкінішке қарай, айнамыз қыйсық болып тұр! Осы арзуымды Ұлттық академиялық кітапхананың ұраншыл тобына айтсаңыздар!

Бірқатар ҚР билік өкілдерін осы жазбаға белгіледім. Құзырлы органның қаперіне алуына жәрдем берсеңіздер.

Пікірлер