Ырысты өлкедегі өркениет тоғысы

3568
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құр­метіне орай ұйымдастырылған «Атамекен» тархи-танымдық экспедициясы Жетісу жерінде жалғасты. Іс-шара барысында бір топ журналист пен блогер облыстың Панфилов және Ұйғыр ауда­ны аумағындағы маңызды нысандарды аралап, ел тынысымен танысып қайтты, деп хабарлайды egemen.kz.egemen.kz.

Жаркентте жалауын көтерген экспедиция жұмысы аудандағы Даңқ му­зе­йін аралаудан басталды. Өңірдің өт­ке­ні мен бүгінгі шежіресін жинақтап, құнды мәліметтер мен жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап отырған мекеме 4 экспозициялық залға бөлінген екен. Мұнда арғы замандарда Жаркент аумағында сәні мен салтанаты жарасып тірлік кешкен қазақтың көшпелі өмір салты мен отырықшылыққа ұласқан дәуі­рінен хабар беретін айғақтар жет­кі­лікті көрінді. «Шығыс қақпа» атанған Жаркент шаһары ежелден Ұлы Жібек жолындағы маңызды елді мекен болғаны анық. Яғни өлкеде дала өркениетінің ізі мен қала мәдениетінің мәйегі тоғысып тұрған. Бұған Жібек жолы бойымен жөңкіген сауда керуендері арқылы үне­мі алмасып, жаңарып тұратын өнер мен ғылымның алғашқы жетістіктерін қосыңыз. Енді осындай тарихы қатпар-қат­пар тағылымнан тұратын көне қа­ла­ның шежіресін түзіп, дәріптеп отырған музей ұжымының ісіне қалай риза болмайсыз...

– Мұражайдың негізгі қоры ежел­гі тарихымен, тарихтағы өткенді анық­тай­тын заттарымен байланысты ғой. Әрі біздің мекеме «Даңқ мұражайы» деп аталатындықтан, жұмыс ретіне қарай өткен дәуірдің жәдігерімен қоса бүгінгі кезеңдегі ірі тарихи оқиғалардың жылнамасын жазып, айтулы адамдардың ерлік ісін паш етуге ерекше көңіл бө­ле­міз. Оған тәуелсіздік дәуірінде қол же­т­кізген табыстарымыз туралы ақ­параттық көрнекі құралдар, осы Жар­кент өңірінен шыққан соғыс және еңбек ардагерлерінің атын, ісін дәріптеу мақ­сатындағы іс-шараларды айтуымыз керек. Қазір мұражайда 364 ма­ңыз­ды экспонат бар. Енді ауданның өлке­тану музейіне айналсақ па деп отырмыз. Бұл қасиетті өлкенің біз әлі біле бермейтін қыры мен сыры ашылмаған ежелгі тарихтан ақпарат беретін тарихи артефактілер мен шешуі табылмаған жұмбақтары толып жатыр. Мәселен, Жаркент өңірінің ежелгі қалалары – Жаркент, Ақкент, Ілебалық, Дөңгене, Тышқан, тағы басқа бізге беймәлім елді мекендер мен ерте ортағасырлық қала, кенттердің қирандылары көптеп саналады. Ол жерлерге археологиялық қазбалар жүргізілсе, ел мен жердің та­рихы әлі де мыңдаған жәдігермен толығып, ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесі айқындалып, мемлекеттілігіміздің мәңгілік болуы мен жас ұрпақ тәрбиесінде де өл­шеусіз қызмет атқарары сөзсіз, – дейді өңір шежіресі мен мекеме жұ­мы­сынан хабардар еткен музейдің мең­ге­ру­ші­сі, өлкетанушы-журналист Қали Ибрайымжанов.

Жаркент туралы сөз қозғалса, осын­да­ғы ағаштан салынған мешіт туралы айтпау мүмкін емес. «Атамекен» экс­пе­дициясының қатысушылары да осы тари­хи нысанды көруге асықты.

– Тарихи деректерге сүйенсек, бұл мешітті сонау 1887-1892 жылдары бірін­ші гильдиялы саудагер атанған Уәлиахун Юлдашев деген көпес ха­лық­тан жинаған қаржыға салдыртыпты. Ғимарат Қазақстан мен Орталық Азия­ның сәулет-құрылыс өнерінің ең үздік тәсілдері ескеріле отырып жасалған. Құрылысты Хон Пик деген қы­тай сәулетшісі басқарған екен. Ме­шіт­тің жалпы аумағы – 54 шаршы метр. Ғимаратының биіктігі – 14,5 метр. Мешіт 52 бағана тізбегімен айналдыра қоршалған. Арқалығы ағашқа түсірген әсем оюлармен нақышталған. Бұл бағаналардың құрылыс қаңқасын құруда әрі әсемдік көрік беруде мәні өте зор. Бағаналарды құрастыру барысында бірде-бір шеге қолданылмаған. Оларды қиып, қашап қиюластырған. Мұндағы керегеге түсірілген нақышты араб жа­зу­ларының өзі әсем өрнек мінде­тін ат­қа­­рып тұр. Мешіттің ішіндегі безен­ді­рулерден қазақ халқының қошқар мүйіз оюларын да кездестіруге болады, – деді бізге мешіттің салыну тарихын жіп­ке тізгендей етіп айтып берген ту­ристік нысан қызметкері Көркем Рахымғалиева.

Айтпақшы, Панфилов ауданындағы адам аяғы үзілмейтін танымдық орынның бірегейі – Әулиеағаш. Дерекке үңілсек, дәл осындай ағаш әлемнің 3 елінде ғана бар дейді. Бір дарақ Мекке қаласында болса, тағы бірі іргедегі Қытайда екен. Ал Жаркенттегі ағаш туралы аңыз көп.

– Бұл киелі ағаш туралы әртүрлі мифтік оқиға өте көп. Соның бірін «Еге­меннен» оқып едім, журналист Мұхтар Күмісбек жазған мақаладан кейін менен де бір таныстар жөн сұраған болатын. Қысқасы, ертеде Қоқан мен Хиуа хандықтарының дүркіреп тұрған уақытында Шойнақ атты батырдың жары бала көтере алмай жүреді де, қасиетті ағаштың түбіне түнеуге келеді екен. Алладан перзент сұраған бәйбішенің көзі ілініп кеткенде, түсіне ақ сақалды қария кіріп, үш ұлды болатынын, ол ұлдарының атын Жантас, Бектас, Ертас деп қою керектігін айтады. Расымен, батырдың әйелі құрсақ көтеріп, бірінші ұлы дүниеге келеді. Оның атын Жантас қояды, артынша Бектас өмірге келеді. Үшінші баласы туылғанда бәйбіше кім қою керегін ұмытып қалып, Ақпұшық деп атай салады. Осы түні баяғы ақ сақалды қария кіріп: «Балаңның атын неге өзгерттің, саған қажет болмаса, біз алып кетеміз», дейді. Бұл түсінен шошынып оянған ана сәбиінің шетінеп кеткенін көреді. Осындай аңыздардың түр-түрі ел аузында жүр екен, – деді алты адамның құшағына зорға сыйған алып ағаштың қасында тұрғанда сапарласымыз, блогер Данияр Жаныс.

Әулиеағаштың маңындағы ен то­ғай­дың өзі бір ерекше ережемен өскендей екен. Сол маңдағы қараағаштар жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас қойған адам бейнесіне ұқсап, мәуелі бұтақтарын иіп, бір ізеттілік көрсететіндей. Дәл сол жерде бір тамырдан таралып өскен жеті жас ағаш бар. Тұрғындар оны «7 аға­йын­ды жігіт» деп атайды екен.

– Әулиеағашқа ем іздеп, тілек тілеп ке­­летіндер қатары жыл сайын артып­ кел­еді. Пандемияға байланысты турис­­тер легі азайғанымен, келгісі ке­­ле­­тіндер көп. Тіпті шетелден жөн сұ­рап, жол сұрап жатады. Әрине, қазақ даласының түкпіріндегі шағын ауылды көргісі келетіндердің қатары көбейгені – біз үшін мәртебе. Әулиеағаш маңы көрікті өңірге айналып келеді. Жаяу жүргіншілер жо­лы төселіп, келушілердің демалуы үшін алаңқайға орындықтар жасалған. Орман ішін жарықтандыратын электр жарығы тартылған. Қысқасы, аудан ту­рис­тер­дің келуіне әрқашан дайын, – дейді Пан­фи­лов ауданы әкімінің бас­па­сөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Қасиетті Қарадала тынысы

Алматы облысының Ұйғыр ауданын­да­ғы демалыс орындарына келушілердің саны жылдан-жылға өсіп, өңір нағыз демалыс аймағына айналып келеді. Мұны экспедиция мүшелерін қарсы алған сәт­тегі әңгіме барысында аудан әкімінің орын­басары Кәдіржан Бағбаев айтты.

– Былтыр Қарадала жазығындағы таби­ғи ескерткіштер мен ыстық су көздеріне келген саяхатшылар саны 62 500 адамға жетті. Нәтижесінде, қызмет көрсетуден түскен табыс көлемі 310 млн 500 мың теңгені құрады. Алақандай аудан үшін бұл аз олжа емес. Ал аумақтың туризмді дамытып, табысты арттыруға мүмкіндігі бар. Соның бірі ретінде аудан аумағындағы гео­термалды су көз­де­рінің тартымдылығын айтуға болады. Жер астынан шығатын ыстық судың емдік қасиеті жоғары екені ғылыми негізде дәлелденген. Оның шипасы су құрамының минералды қоспаларға бай болуында болса керек. Ал аудан үшін осы жерасты суы жыл он екі ай бойына жұмыс орнын ашып, өңірлік туризмді дамытудың да жаңа мүмкіндігі екені анық. Өйткені бұл жердегі жұмыс, яғни демалыс маусымы қоңыр күзден басталып, күн қатты ыситын жаз айларына дейін қызады. Сондықтан да мұнда келушілер жыл са­йын артып отыр, – деді ол.

Жалпы, Қарадалаға табаны тиген адамның жол бойындағы Шарын шат­қалы мен Ерен тоғайға соқпай кетуі си­рек. Әрі бұл екі табиғи орын да қалыптасқан туристік нысан қатарына жатады. Бұл іспен қазір Шарын мем­ле­кеттік ұлттық табиғи паркі айналысуда. Ұлттық парк құрамына Шарын шатқалы, қамалдар мен аңғарлар, Үлкен Бұғыты тауы және Сарытоғай, Ерен тоғайы сияқты табиғи демалыс аумағы кіреді. Бүгінде парк аумағына арна­йы келетін адамдар үшін 4 туристік бағыт жасалған

Жалпы ұзындығы 49 шақырымға созылатын бұл маршрут бойынша Шарын шатқалын, сол маң­дағы ескі бейіттер мен қорғандарды, әлем­де сирек кездесетін өсімдіктер дү­ние­сі сақталған Ерентоғайды көріп, аралап шығуға болады.

– Қазір бұл туристік маршрут бо­йында 3 қонақүй, балалар лагері және арасан кешені жұмыс істейді. Жаз мау­сымында жолаушы түнеп, демалатын 52 киіз үй тігіледі. Дүние жүзі бойынша дәл осы Шарын тектес шатқал Солтүстік Америкада ғана бар ғой. Сол себептен алып даладағы терең құзды көріп, тамашалауға ел ішінен бөлек, шетелден де адамдар жиі келеді. Ал Ерен тоғайы туралы әңгіме тіптен бөлек. Деректер бұл Ерен тоғайы сонау неоген кезеңінен сақталып қалған табиғат сыйы екенін айтады. Таңғажайып то­ғай­ды картадан іздегендер Іле өзенінің сол жақ саласы мен Шарын өзенінің ортаңғы ағысының тұсынан, Сарытоғай ауылының маңынан тауып, көре алады. Тек бұл кереметті көзбен көру керек, – дейді экспедиция мүшелеріне өңір туралы мол мағлұмат берген Ұйғыр ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Ақжол Тұрархан.

1

Осылайша, Тәуелсіздіктің 30 жыл­­дығына орай  «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері тарапынан ұйым­дас­ты­рыл­ған «Ата­ме­кен» тарихи-танымдық экс­педициясы Жетісудың шұрайлы өл­келерін аралап шықты. Бұл сапар бары­сында көргеніміз де, көңілге түйге­ні­міз де көп болды. Әсіресе Ұйғыр ауданындағы «Жарты баба» тарихи-танымдық кешені басында аталы сөз айтып, ат үстіндегі азаматтарға жеткізіп ба­рыңдар деп аманат жүктеген ауданның аузы дуалы ақсақалы Ызғарбек Бектұр­сы­новпен арадағы әңгімеге әлі де ораламыз. Қос аудандағы еңбек адамдарының ерен істерінен де ерекше бір екпін байқадық. Экономиканың дамуына үлес қосудың үлгісін де Панфилов пен Ұйғыр аудандарының шаруалары мен кәсіпкерлері көрсетіп отыр. Ол да бөлек тақырып болсын.

 

Пікірлер