Хиджаб хикаясы

2703
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде өршіп тұрған орамал дауы бүгін сотқа дейін жетті. Қыздарымды бастарына орамал таққаны үшін мектепке кіргізбей отыр деген ата-ана қаладағы №10 мектептің директорын сотқа берді. Мектептің талабы мен формасына бағынғысы келмейтін ата - ананың айтуынша қыздары үшінші тоқсан басталғалы бері сабаққа кіргізілмеген.

Мектеп директорынан бастап білім басқармаларына дейін сотқа сүйреткен Қайрат Жармағамбетов мектеп басшылығы екі қызыма бірдей қысым көрсетіп отыр дейді. Айтуынша, бастарындағы орамалы үшін қыздары мектептен шеттетіліп, орта білім алуларына кедергі жасалған.

ҚАЙРАТ ЖАРМАҒАМБЕТОВ, шағымданушы:

– Сабаққа келген қыздарымды мектеп директоры Гүлайым Иманова фойеде тікелей өзі қарсы алып, қыздарымның орамал тартатынына байланысты мектепке формасына діни элементтерді қосты деп айыптап, мектепке кіргізбеді. Орта мектептің директоры Гүлайым Иманованың қыздарым міндетті орта білім алу құқығына шектеу қойғандығын заңсыз деп тануды сұраймын.

Сот алдына жауапкер ретінде шақыртылған мектеп директоры оқушы қыздардың оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы екенін айтады. Алайда баршаға ортақ мектеп формасын сақтамағаны үшін мектепке кіргізе алмаймыз дейді. Оған арнайы бекітілген талап бар екенін тағы бір еске салды.

ГҮЛАЙЫМ ИМАНОВА, Ақтөбе қаласы №10 орта мектебінің директоры:

– Үш оқушы орамал тартатын, осы ата - аналарға хабарлама бердік, қазан, қараша, қаңтар айында берілді. Осы мектеп формасын яғни, ҚР білім және ғылым министрілігі бекіткен мектеп формасын сақтамайтын болса, мектепке кіргізе алмаймыз деп хабарлама бердік, оған дейін түсіндіру жұмыстары жүрді. Қазан айында біз мектеп қамқоршылығы отырысында  айттық, мектеп формасында бас киімнің жоқ екені ескертілді. Сондықтан орамалдарды шешіп кіруі сұралды.

Сотта куәлерден бөлек сарапшыларды да тыңдады. Қалалық білім бөлімі, білім беру сапасына жауапты мекемелерден шақырылғандар бір ауыздан мектеп директорының талабы заңды екенін айтады. Соттың келесі отырысы 15 ақпанға белгіленді.


Жанар Қожанова, Бағдат Баймурзин, 

31 арнадағы "Информбюро" бағдарламасы

Пікірлер