22 жастағы қазақ жігіті АҚШ-та алып әуекомпанияның ұшқышы болып жүр

4603
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының тумасы Дәурен Сәбитов небәрі 22 жасында Американың ең алып әуекомпанияларының бірінде ұшқыш-инструктор болып жұмыс істейді. Ол бүгінге дейін 900 сағат ұшқан деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Tengrinews.kz-ке" сілтеме жасап.

Оның айтуынша, АҚШ-та ұшқыштың дәрежесін миль не шақырым емес, сағат анықтайды.

"Пилот есебінде 900 сағат ұшыппын. Бұл жұмысқа шыққан уақытым емес, әуедегі есеп. Басқа елдерде 900 сағат ұшуға 10-15 жылыңды сарп етуің мүмкін, бірақ тек Америкада емес. Мұнда жасыңа, дініңе, нәсіліңе қарамайды, басты талап - білігің мен жауапкершілік", - дейді ол.

Дәурен 1999 жылы қазақтың қарапайым отбасында туған. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол Алматыдағы ҚТЛ-ды бітіріп, бірден Америкаға жол тартады. Дәурен Сәбитовтің әкесі де ұшқыш. Бала Дәуреннің мамандық таңдауына әкесі Ғалым зор ықпал еткен.

"2017 жылы мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен бір уақытта АҚШ-тағы Калифорния штатының Сан-Матео қаласына келдік. Достарымның арасында мен ғана авиацияны таңдадым. Әкем көп жылдан бері авиация саласында жұмыс істеп келеді. 5 жасымда алғаш рет өзінің жұмыс орнына апарғаны есімнен кетпейді. Өз көзіммен алып ұшақтарды, олардың арнайы дайындықтан өту процесін сол кезде бірінші рет көрсем керек. Тіпті, әкеммен бірнеше рет ұшқан кездерім де болды. Ұшқыштардың кабинасынан ғана байқауға болатын әуедегі көрініс, күннің шығуы мен батуы мені бірден баурап алды. Қысқа қайырғанда, болашақта кім болатынымды 5 жасымда-ақ білдім ғой", - дейді ол.

Қазір ол Standord Flying арнайы оқу орнында білімін жетілдіріп, жоғары санатты сертификат алуға дайындалып жүр.

"Басқа саланы білмедім, бірақ, ұшқыш боламын деген адам күнделікті өз білігін арттырып отыруы шарт. Бүгінде Standord Flying ұшқыштар мектебінде қосымша білім алып жүрмін. Аптасына бірнеше рет оқуға жаңа түскен студенттерге дәріс оқып, олардың практикалық жұмыстарын жүргіземін", - дейді Дәурен.

Оның айтуынша, Америкадағы ұшқыштарды даярлайтын оқу орындарының бағасы Қазақстанмен бірдей.

"Қазір California Airways корпорациясында ұшқыш-инструктор болып жұмыс істеймін. Бекітілген кестеге сай рейстерге шығамын, сондай-ақ алдын ала ұшақты тестілеу жұмысына қатысамын. Бастапқыда талап жоғары болып, үйренісе алмай жүр едім, бірақ қазір өзімді бұл компаниясыз елестете алмаймын", - дейді жас ұшқыш.

Сонымен қатар, Дәурен жеке тапсырыс қабылдап, чартерлік рейстердің де тізгінін ұстап жүр. Ол АҚШ-та ұшқыштардың жалақысы өте жоғары, қаржыдан қысылып жүрген адам жоқ екенін айтады.

"Америка ұшқыштардың айлығын аямай төлейді. Менімен бірге жылына 550 мың доллар табатын кісі жұмыс істейді. Ең төмен дегендері 200-250 мың доллар төңірегінде айлық алады. Бұл енді мамандардың кәсіби білігіне және тәжірибесіне байланысты. 5 жылдан кейін менің де соншалықты қаражат табуға мүмкіндігім бар.

Ал біздің елдегі әуекомпаниялардың деңгейіне келсек, қалааралық билеттердің бағасын көріп, таңғалдым. Өте қымбат дер едім. Тура сол бағаға Еуропада басқа елдерге ұшып жатады. Ал авиацияның өзіне келетін болсақ, Қазақстанда ұшқыштарды дайындайтын академияларды көбейту керек. Тек оқытып қоймай, университеттен кейін тәжірибеден тегін өткізсе деген тілек бар", - дейді ол.    

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер