28 жыл бұрын қоқыстан табылған бала: Анамды көру арманым

6007
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 28 жыл бұрын туған анасы қоқысқа тастап кеткен ер азамат, журналист Гүлмира Әбіқайға биологиялық анасын табуға көмек сұрап хат жолдапты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Хат жолдауына себеп болған оқиға -  бір күн бұрын Атырау облысы Индер ауданында 30 жастағы келіншек баласын әжетханаға тастап кеткен еді. Нәрестенің денсаулығы жақсы, аман-сау.

1993 жылғы азамат осы жаңалықты ести салысымен, Гүлмира Әбіқайға “туған анамды тапқым келеді” деп хат жолдаған.

“Көп адам осындай туалетке тастаған, мусорға лақтырған балалардың өмірі ары қарай не болады деп ойлайтын шығар?! Соның бірі Мен өзіммін…

28 жыл бұрын, Орал қаласында мені туған анам мусорға лақтырып кетіпті. Көп ұзамай сол жерден өтіп бара жатқан жақсы адамдар қыңсылаған даусымды естіп тауып алып ауылға әкепті. Ол кезде полицияға айту, құжат рәсімдеу жоқ болса керек мені 13 жыл бала көтермеген көршілерінің етегіне салыпты. Сол кісілерді анам-әкем деп өстім.

Тәубә, еш нәрседен тарықпадым, адам болдым, оқыдым, өстім. Асырап алған ата-анам өмірден өтті. Сол кезде баяғыда мені тауып алған көршілерім ақиқатты айтып, қолыма бирка табыстады: Исмагулова Роза

01.05.1993, мальчик

деп жазылыпты.

Қазір өзім үйлендім, 3 балам бар, әскери офицермін. Дегенмен, туған анаға деген сағыныш, оны табу , бір көру арманым!

Оны Сіз орындайтыныңызға сенемін. Анама еш өкпем жоқ, тірі болса көргім келеді, Балаларым тегін білсе деймін, бар арманым туған Анамды бір көру”,- деген хат иесі.

Жазба астына жарияланған пікір санында шек жоқ. Көбі “сол кезде тастап кеткен адам қазір сені қабылдамайды, тыныш өміріңді құртпа” деп жазған.

Естеріңізге сала кетсек, Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бала туып, оны көше дәретханасында қалдырған әйелдің жеке басы анықталды.

"3 қазан күні Индер ауданында баласын дәретханаға тастап кеткен күдікті анықталды. Бала дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі өкілдері.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер