XVI Анкара кітап жәрмеңкесіне қазақстандық авторлар қатысуда

2267
Adyrna.kz Telegram

Түркияның бас қаласы Анкарада XVI Анкара кітап жәрмеңкесі ашылды. Бұл жолғы кітап жәрмеңкесіне Қазақстан «қонақ ел» ретінде қатыстып жатыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Іс-шараның салтанатты ашылуына Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің Төрағасы Мұстафа Шентоп, Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, Түркия – Қазақстан парламентаралық достық тобының төрағасы Мехмет Али Жевхери, көрменің ұйымдастырушы «Eylül» көрмесінің Басқарма төрағасы Ремзи Чайыр, Түркия Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Али Одабашы мен Түркиядағы дипломатиялық миссия басшылары, шетел дипломаттары, зиялы қауым өкілдері және қазақстандық жазушылар қатысты.

Аталған іс-шарада алғаш сөз алған «Eylül» көрмесінің Басқарма төрағасы Ремзи Чайыр Анкара кітап жәрмеңкесінің Түркиядағы ең үлкен жәрмеңкелердің бірі болып есептелетінін атап өтті.

Мәртебелі шетелдік автор ретінде арнайы шақырылған танымал қазақ ғалымы Әділ Ахметов Түркия мен Қазақстан арасында тек дипломатиялық қатынастар ғана емес, сонымен қатар экономикалық және мәдени байланыстардың қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Осы айтылғандардың нақты бір дәлелі ретінде басталып отырған халықаралық Анкара кітап жәрмеңкесіне Қазақстанның «құрметті қонақ» ретінде шақырылуын ерекше атауға болатынын айтты.

Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің Төрағасы М. Шентоп өз сөзінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен Түркия мемлекетінің және өзінің атынан құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, биыл Қазақстанның «Қонақ мемлекет» ретінде аталған кітап жәрмеңкесіне қатысуында үлкен мән жатқанын айтты. Бұл жәрмеңкеде түрік оқырмандары қазақ авторларының шығармаларымен кеңінен танысып, мұндай іс-шаралар екі елдің мәдениет саласындағы байланыстарды нығайтатынын атап өтті.

Елші А. Сапарбекұлы кітап жәрмеңкесіне қатысушыларды ашылу салтанатымен құттықтап, жәрмеңкені ұйымдастырушыларға екі халықты одан әрі жақындастыруға қосқан нақты үлесі үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Анкараның «ATO Congresium» көрме орталығында өтіп жатқан іс-шараға Түркияның 300-ден астам ірі баспа үйі, баспаханалар мен жарнама агенттіктері қатысуда. Ұйымдастыруышылар биылғы жәрмеңкеге келушілердің саны 350 мыңнан асуы ықтимал деп болжауда.

Айта кетейік, Анкара кітап жәрмеңкесі 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және жылына екі рет өткізіледі. Осы уақытқа дейін оған «қонақ мемлекет» мәртебесінде Италия, Франция, Иран және Ресей қатысқан.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер