Баланың сабақ оқуға ынтасы болмаса не істеу керек?

4623
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі балалар сабақ оқуға эмоционалды түрде дайын емес. Өйткені әсер етуші факторлар көп.

1. Оларға технология әсер етіп жатыр

Көптеген ата-ана технологияны тегін күтуші ретінде қолданады. Өзі жұмысын бітіріп алуы немесе баласы мазасызданбауы үшін телефонды қолына ұстатып кете береді. Бірақ бұл да тегін емес. Оның құнын баланың жүйке жүйесі мен көзқарасы арқылы өтейсіз.

Бала реалды әлемнен виртуалды әлемді қызықты деп ойлайтын болады. Оның миы көптеген визуалды эффектілерге, қызылды-жасылды графикаға үйреніп қалады. Ал сабақтағы ақпарат оны жалықтырады. Соның нәтижесінде сабақ оқуға деген ынтасы жойылады.

Одан бөлек, технологиялар бала мен ата-анасының арасын алшақтатады. Ал баланың дамуы үшін оның ата-анасымен эмоционалды байланысты болуы маңызды.

Не істеу керек?

Балаңызбен араңыздағы эмоционалды байланысты қалпына келтіріңіз:

  • Оны жағымды бір нәрсемен қуантыңыз. Күлдіріңіз немесе жай ғана ойнаңыз. Жастығының астына немесе сөмкесіне жылы сөздер жазылған хат қалдырыңыз. Бірге билеңіз, ән айтыңыз, серуендеңіз.
  • Отбасылық дәстүр қалыптастырыңыз: кешкі асты бәрі бірге ішу, аптасына бір күнді қызықты ойынға немесе табиғат аясындағы демалысқа арнау, кешкі серуен, тағы да басқа.

Смартфонмен ойнау

2. Бала қалағанына бірден қол жеткізіп үйреніп қалған

Көптеген ата-ана баласының қалағанын бірден орындауға тырысады. Бірі қатты жақсы көргендіктен, екіншісі жылап мазасын алмауы үшін. Бала: “Қарным ашты”,-десе, ата-ана қолына жейтін бірдеңе ұстата қояды; “Ана ойыншықты алып бер!” – “Қазір”; “Ішім пысты” – “Менің телефонымнан мультфильм қара”… Шамамен осындай диалогтар болады.

Психологияда қалағаныңды кейінге шегеріп үйрену – адамның күйзеліске қарсы тұруына көмектесетін бірден-бір тәсіл. Әдетте, ата-ана бұл туралы ұмытып кетеді. Себебі баласын дәл қазір бақытты еткісі келеді. Бірақ бұл оның болашағына кері әсер етеді. Бала сәтсіздікке төзімсіз болып өседі.

Не істеу керек?

Баланы күтуге үйретіңіз:

  • Іш пысу – қалыпты нәрсе екенін үйретіңіз. Бұл шығармашылық ойлауға деген бірінші қадам;
  • Баланың қалауын бірден орындамаңыз. Оның тілегін айтқан уақыт пен орындау арасын ақырындап ұзартып отырыңыз;
  • Көлікте, кезекте тұрғанда, кафеде отырғанда балаға телефон, планшет бермеңіз. Бұл уақытта бір-біріңізбен сөйлесуді, ойнауды үйретіңіз;

3. Бала өзін “бірінші адам” сезінеді

“Менің балам сәбіз жемейді”, “Ерте ұйықтағанды ұнатпайды”, “Өзі киінгісі келмейді” – бұндай сөздерді де жиі естиміз. Демек, бала өзін қалай тәрбиелеу керек екенін көрсетіп жүр. Бұл да дұрыс емес. Егер олардың қалауын орындай берсеңіз, бұдан жақсылық күтпеңіз.

Бұдан бала қалағанын ғана орындап, қаламағанына құлақ аспайтын болып кетеді. Олар “істеу керек” дегенді ұқпайды. Ал жетістікке жету үшін бар күшіңді салу керек. Үздік оқушы болғың келсе, жақсы оқу керек. Танымал футболшы болғың келсе, жатпай-тұрмай дайындалу керек екенін үйретіңіз.

Не істеу керек?

Шектеу қойыңыз:

  • Технологияларды қолдануға, ұйықтауға, тамақтануға арнайы уақыт белгілеңіз;
  • Баланың қалауынан бөлек, оған ненің пайдалы, ненің зиян екенін ескеріңіз;
  • Баланың ұнатпайтын істерін ойынға айналдырыңыз. Мысалы, сабақ оқығанда әр тапсырманы аяқтаған сайын бір ойын ойнаңыз.

Тамақ ішу

4. Бала үнемі көңіл көтеруге үйреніп қалған

Ата-ана баласының әр минутын қуанышты, қызықты қылып өткізгісі келеді. Олай істемесе, өз міндетін дұрыс атқармағандай сезінеді. Бірақ өмір тек көңілді сәттерден ғана тұрмайды. Кейде бір істі тындыру үшін тыныштық қажет. Ал үнемі ойын-күлкіге үйреніп қалған бала үшін сабақта тыныш отыру – қиынның қиыны.

Не істеу керек?

  • Балаңызды кішкентайынан бірқалыпты істерге бейімдеңіз:
  • Ойыншықтарын жинауға, киімдерін орнына ілуге, сөмкедегі азық-түліктерді орын-орындарына қоюға, дастархан жаюға, төсек салуға үйретіңіз;
  • Бұндай істерді ойынға айналдырыңыз. Сонда бала оны құлшыныспен орындайтын болады.

5. Бала әлеуметтік ортаға бейімделмеген

Бұрын балалар далада ойнайтын еді. Достарымен сөйлесіп, әлеуметтік ортаға бейімделетін. Қазір баланың көп уақыты компьютер мен телефон алдында өтіп жатыр. Тіпті ана-ананың өзі де баласымен серуендеп жүргенде онымен сөйлесудің орнына телефонына үңіліп жүреді.

Не істеу керек?

  • Баланы бөлісуге, жеңуге және жеңілуге, рахмет айтуға, өтініш білдіруге үйретіңіз;
  • Үйге қонақтар келгенде “ана бөлмеге” отырғызып қоймай, қонақтармен сөйлесуге бейімдеңіз.


Материалдың дереккөзі: Why are our children so bored at school, cannot wait, get easily frustrated and have no real friends?

Әсел Сарқыт

Пікірлер