"Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт" жобасы қолға алынбақшы - Эльмира Сайлауқызы

4819

Қарағанды облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі жастармен «Ата-ана мейірімі», «Әкенің отбасындағы рөлі» тақырыбында кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Кездесу барысында ата-ана мен бала арасындағы өзара қарым-қатынас, отбасындағы кикілжің мен келіспеушілік тудыратын жағдайлардың алдын-алу жолдары, ата-ананың балаға деген мейірімі, сезімі, махаббаты қаншалықты маңызды екені, сондай-ақ бала тәрбиесіндегі әке рөлі сынды бірқатар әлеуметтік мәселелер талқыға түсті.

- Аналар кеңесінің жұмысы облыс көлемінде қарқынды атқарылып жатыр. Биыл мәдени іс-шаралардан бөлек 600-ден аса қайырымдылық жасалды. Бүгінгі кездесу ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынастың әр алуан болатын ерекшеліктерін ұғындырып, арадағы отбасылық байланысты жақсартып, жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған, - деді ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, белгілі ақын, мәдениеттанушы Эльмира Сайлауқызы.

Көпбалалы ананың айтуынша, биыл Аналар кеңесінің төрайымы Ләззат Таймырқызы бастаған аналар Қарқаралы, Жезқазған қалаларында аналармен кездесіп отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас жанұяға қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну сияқты тақырыптарда тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып келеді.

- Алдағы уақытта "Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт" жобасы, "Қыз өссе елдің көркі" атты кездесулер, "Өнерлінің қолы алтын" атты шеберлік сабақтары 2022 жылдың жоспарына енгізіліп басты назарға алынып отыр. Сонымен қатар аналар кеңесінің құрамын толықтыру жоспарлануда, - деп қорытындылады сөзін Эльмира Орынбаева.

Айта кететін жайт, 2021 жылы көп балалы аналарды қолдау бойынша Қарағанды облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі 800-ге жуық іс-шара өткізді. Аймақ бойынша оның 1111-нан астам мүшесі бар. Жалпы облыс бойынша 189 Аналар кеңесі жұмыс атқаруда.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket