ЖАНАТ ЖАҢҚАШҰЛЫ: Жаңаөзендегі дауыс бүкіл қазақтың дауысы

1693
Adyrna.kz Telegram

Құдай тағала қазаққа өлшеусіз байлық берді. Жерінің түгін тартсаң майы шығады. Асты кеніш. Бірақ сонымен қатар жемсауына салсаң жер шары сыятын жемқорларды да берген екен. Бір кем дүние деген осы. Әйтпесе, мұнай шығаратын елде газ бен бензин қымбат деген не сөз?

Отыз жылда бай мен кедейдің арасы тым алшақтап кетті. Бұл өте қауіпті құбылыс! Егер кәсіп қылып байыса дау жоқ. Біздің байлардың жобамен 80 пайызы билігін асыра пайдаланып һәм жемқорлықпен байығандар. Халықтың несібесін жеді. Ал халық деген Құдайдың бір аты.
Қазақстанның бар байлығы азғантай топтың қолында. Халық аш. Мұнай бағасы көтерілсе айлық та көтерілу керек. Зейнетақы да. Мұғәлім мен дәрігердің айлығы көтеріліп жатқанмен өзге жұмыскерлердің айлығы көтеріліп жатқан жоқ. 50000 теңгеге жұмыс істеп, жан бағып жүргендер бар. Енді қалған сегіз жылда 2030 болып, іске асып кетеді-ау деп ойламаймын! Жаңаөзендегі дауыс бүкіл қазақтың дауысы! Мен жаңаөзендіктермен біргемін!

Антимонополиямен бірге мемлекеттік коммиссия құрылып, бұл қымбатшылықтың себебі анықталуы керек. Егер артында жер шарын жұтқысы келетін жегіқұрттар тұрса олар заңмен жауап берулері тиіс! Еститін Үкімет халықтың жан айқайын естімесе Керең болғаны да.

Ауруын жасырған өледі. Біздің билік отыз жылда кеткен қателіктің бәрін ашық мойындап, жаңа реформа жасауы керек. Жемқорлардың орыны мінбе емес, түрме!

Пікірлер