Қамшы мен қалам

2733
Adyrna.kz Telegram
(Алақандай эссе немесе саясаттан тыс Сәукең)

Түрлі-түрлі бала болады. Кейбірі доп ойнайды. Енді біреуі құлжа сақаны алақанында аунатып, ертелі-кеш асық атады. Тағы бірі аяғын айқастыра аспанға секіріп, жұлқынып ләңгі тебеді. Соған қарап олардың қайсысының не нәрсеге көбірек әуес екенін шамалай бересің. Ал біздің кейіпкеріміз үш-төрт жасында-ақ кәдімгі қамшыны қолға алыпты. Доп емес, асық та емес, ләңгі де емес, қамшы. Суретке түссе де, сол қамшысымен түсіпті. Қарашы енді сол көне суретке...

«Е, қамшы ұстаса несі бар, қой бағады да», – дерсіз. Жоқ бұл бала қой бағатын балаға мүлде ұқсамады. Керісінше, болмыс-бітімі қой бақтыратын балаға көбірек келеді. Қабағы қатулы, жүзі салыңқы, көзі ойлы. Тұрысты қарасайшы. Кеуде шалқақ. Аяқ алшақ. Киімі «хит». Бір қолы бүйірін таянуға бейім. Бойы бір тұтам болса да, үсті-басына қылау жұқтырмайды. Көзқарасына зер салсаң, құдды бір сәбилік сатыдан баяғыда өтіп кеткен парасатты перзент. Қамшысын қолына мығым ұстайды. Сірә, кейін бар жұмысы билікпен өзектес болатынына көрінген шығар...

Кішкене күнімде қамшы ұстаған екенмін деп, кейін төріне қамшы іліп қоятын әдеті болған жоқ, әрине. Бірақ бәрібір қамшы ұғымы оған өмір бойы серік болды. Өзін қамшылады. Өзгелерді қамшылады. Намысты қамшылады. Соның бәрі әсер еткен шығар, кейін өзі де қамшы салдырмайтын болды.

Бала кезінде қолына қамшысын ілсе, есейе келе қалам ұстады. Ал сол қалам оған құт болды. Қалам ақпаратқа жол ашты. Ақпарат аппаратқа жақындатты. Соның арқасында ақпараттың да, аппараттың да мықты майталманына айналды. Тәуелсіз елдің Ақпарат министрі қызметін атқарды. Бас газетті басқарды. Министр болғанда, баяндамасын өзі жазатын басшы болды. Спичрайтердің қажеті болмады оған. Бас басылымды басқарғанда өзі үзбей мақала жазып отыратын қаламы жүйрік бас редактор атанғаны баршаға мәлім.

           

 Абай атамыздың «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық» дегені сияқты, бір қарағанда біздің кейіпкеріміздің де түсі тым суық. Ешкімге сырын алдырмайды. Әбден ашылғанша біразға дейін түсін де, ішін де бермей тұрады. Шынымызды айтсақ, күнде тынбай сөйлесіп, әдемі әзілдесіп жүргенімізбен, соншама салқынқанды қалпын көргенде өзіміз де едәуір абыржыңқырап қаламыз. Ал енді көңіл-күйі көтеріліп, қабағы жазылған соң рахат! Қалжыңы қиып түседі. Жай қалжың емес, қатпарлы қалжың! Астарлы ақиқат! Күлсе, шын күледі. Анекдот айтса, айналшық жегендей, жанынан шықпай қаласың.

Кіммен болса да тіл табысуға тырысады. Бірде не айтса да турасынан тартатын айбарлы ақын Ауытбек Мұқибек Сауытбек ағасына бір базына айтты. Мақаласы қысқарып кетті ме, әлде басқалай себеп болды ма, қазір нақты есте жоқ, Ауыт бауырымыз «Қолында Сауытбектің өткір қайшы...» деп әзілдеп алып, үшбу хат жазған-ды. Талайды көрген Сәукең де тартынып қалған жоқ. Ол да ақын інісіне хат жолдады. Бұл тартымды тартыс ардақты аға мен ізетті інінің берекелі бәтуасымен аяқталды. Сол жолы «Сауытбектің Ауытбекке ноутбукпен жазған хаты» тікен тілді тіркес әдеби айналымға қосылды.

Сауытбек ағамның жақын-жуықтың тойында билегенін көрсеңіз. Үйлесімді қимылдайды. Осы күнгі жұлқынба бидің жеті атасын меңгерген. Бір биді бастаса аяғына дейін билеп шығады. Не нәрсені де орта жолдан үзіп тастау әдетінде жоқ. Бұл жағынан желіккен жастарды жолда қалдырады. Талай жыл шоң кеңсенің шенеунігі болған осындай салмақты адамнан мынадай әдемі де әсерлі би қалай шығады екен деп таң қалы-е-е-еп отырасыз.

Ақындыққа да кәдімгідей таласы болды. Жұрт көктем-сөктем, қыз-пыз, жүрек-пүрек, жапырақ-топырақ туралы жабыла жазса, Сәукең әуелі қалаған тақырыбының саяси мән-маңызын нақтылап алады. Ол бала кезіндегі алғашқы өлеңін пролетариат көшбасшысы Ленинге арнады. Онысы көсемнің жүз жылдығына орай шығарылған аудандық газеттің арнаулы санында жарық көрді. Бірақ одан кейін өлең өлкесіне қадам басқан жоқ. Сірә, тумысынан талғампаз ақын Лениннен кейін басқалай ұсақ-түйек тақырыптың деңгейіне түскісі келмеген болар. Бір-ақ өлеңімен қазақтың қоғамдық-саяси лирикасының отын көсеп, шоғын маздатқан ұстанымы берік ширақ шайырға күн көсемнің рухы риза шығар...

Сауытбек ағам сатиралық әңгіме де жазды. Сол дүниесіне орақ тілді Оспанханның өзі жоғары баға берді. Егер ол осы жолды қуа бергенде бүгінгі әңгімемізді «Қазақ сатирасының сардарлары Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәш, Көпен Әмірбек, Сауытбек Абдрахманов...» деп сабақтап-салмақтап отырар ма едік, кім біледі...

Ең алғашқы арманына тастай қатса, баршаға танымал футболшы болып, қақпаның қара құлпы атанар еді. Бүгінде «Қайраттың» қақпасын қас қақпай күзеткен Құралбек Ордабаев екеуін қатар ұлықтап жүрер ек. «Ақынбыз деп қақпай-ақ кеудемізді, Таниды ғой осы жұрт кейде бізді. Футболистер сияқты жанкүйерге, Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді» деп Жарасқан ағам жырлағандай, №1 ойыншы Сауытбек Абдрахманов бәрібір өз командасының капитаны болар еді.

Сөйтіп, ол балауса шағында бірнеше салада бағын сынады. Қай салаға олжа салса да, көш бастайтыны анық-ты. Қабілетті адам бір жерден әйтеуір жарып шығатыны белгілі. Жүйріктің аты – жүйрік. Түбінде бір бәйгеден келеді. Солай болды да.

Кейіпкеріміздің қоғамдық-саяси қызметі елдің бәріне таныс. Талайлар шиырлаған жолды қайта таптап қайтеміз. Біз қамшы мен қаламды арқау етіп, саясаттан тыс Сәукең туралы жаздық. Ағымыздан жарылайық, жұрт ұғымындағы сірескен саясаткерден гөрі сол Сәукең өзімізге көбірек ұнайды... «Бозбаласың саяси, көзқарасың саяси» деп тынымсыз термелетпей-ақ,.. жылы ағыспен жылжыған жақсы емес пе, а?! Қалай ойлайсың, Құлтөлеу? Желіп жеткен жетпісіңіз құтты болсын, аға!

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

Пікірлер