ОЛЖАС ӘБІЛ: Шетелге бас сауғалап кеткенкенді елге қайтару керек

3613
Adyrna.kz Telegram
Назарбаев заманында жүйенің қырына ілігіп жапа шегіп, шетел асқан қазақтар көп.
Егер Тоқаевтың тұсы рас жылымық заман болатын болса, енді олар елге оралып заңды тұрғыда елдегі қоғамдық жұмыстарға араласып, кешегі Тоқаев айтқан келешек жаңа партияларды құрып немесе жаңа ұйымдар құрамына кіріп заң аясында өз белсенділіктерін жалғастыруы керек. Олар да Қазақстан азаматтары, бұл олардың құқы.
Ardak Ashim, Ботагөз Иса, Қуат Ахметов, Ермек Нарымбай тағы басқа ескі жүйе тәртібіне көнбеген біраз ұлтшыл азаматтар шетелде жүр.
Кезінде оларға небір жала жабылды, қуғын - сүргін көрді.
Шын мәнінде бұ кісілер нағыз патриоттар еді. Бұлар өз ұстанымдары үшін жапа шекті.
Ал бұларды сол кезде қуғындаған әкім қаралардың кеше бір күнде бейшара боп қалғанын да көрдік.
Тоқаев өкіметі бұл кісілерге рақымшылық жариялап, олардың отанға оралуына себеп болып жатса, жаңа биліктің халық алдында абыройы артпаса, одан ұтылмайды деп ойлаймын.
Пәлен жыл сыртта жүрген белсенділеріміз де елмен қауышар еді.
Сонша жасқа келіп шетелге кетуге мәжбүр болған оларға сыртта оңай емес екенін білеміз, олар кейбіреулер сияқты ол жаққа қара бастарын күйттеп кеткен жоқ еді жалпы.
Олар кезінде елде болып жатқан әділетсіздікке шыдамай, жүйеге я болмаса олардың артында тұрған отаршылдарға қарсы шығып, Алтай мен Атырау арасында далиып жатқан кең даласынан өздеріне бір бұрыш таба алмай алты қыр асып кетті.
Бұлардың сонша жыл шетелде жүрсе де, екі көздері төрт болып Қазақстанға телміріп отырғанын да көріп отырмыз.
Ал іштерінде елге деген зор сағыныш, мұң, әр алуан сезім жатқанын аңғару қиын емес.
Қазақ жалпы елге, жерге, туған топыраққа адал халық, заты сондай.
Қазір бұл кісілермен сыйыса алмаған шалдың көзі тайды, ал ел жаңа өзгерістерге бет алғандай...
Енді патриоттар елге оралуы керек.
Пікірлер