Жас келсе іске: Асхат Раздықұлы лауазымды орынға тағайындалды

2061
Adyrna.kz Telegram

«Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаулысымен кеше партияның Атқарушы хатшысы болып Оралов Асхат Раздықұлы тағайындалды.

Асхат Раздықұлын жаңа қызметімен шын жүректен құттықтаймын!

Ол - Мәскеудегі халықаралық қатынастар университетін бітірген кәсіби дипломат. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ университетін тәмамдаған соң, сол оқу орнында Әлеуметтік-тәрбие жұмыстары департаментінің жастарды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы болды. Жастардың түрлі проблемасын күн тәртібіне шығарып, түйіткілді мәселелердің оңтайлы шешілуіне әсер етті. Елордамыздың Жастар саясаты басқармасының басшысы ретінде де белсенді жұмыс істеді. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі - жастар секторы десек, Асхат бауырымыз осы саланы қолдауға арналған әлеуметтік, құқықтық, экономикалық шараларды шебер үйлестірді. “Жас отан” жастар қанатының көшбасшысы болған кезде де аталмыш ұйым қызметі жаңа деңгейге көтерілді.

Павлодар облысы әкімінің әлеуметтік салалар hәм идеология жөніндегі орынбасары, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі, елорда әкімінің орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды.
Әкімнің орынбасары ретінде білім беру, жастар, мәдениет, дін, денсаулық сақтау, жалпы әлеуметтік салалардағы шиеленіскен проблемаларды қадағалап, жетілдіру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра алды.

Ол қазақылықтың иісі аңқыған қарапайым отбасында тәрбиеленген. Қазақ тарихын терең біледі. Тарихи тұлғаларымыздың өмір жолы мен қызметін жан-жақты зерттеп, зерделеген ізденімпаз азамат. Павлодар облысы әкімінің орынбасары лауазымында болғанда қала мектептеріне, көшелеріне елге еңбегі сіңген ұлттық тұлғаларамыздың есімін беру туралы бастама көтеруі де сол ұлтжандылығының дәлелі деп ойлаймын. Кереку орталығындағы бір үлкен көшеге ойшыл Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы атының берілуі де сол кездегі басты жаңалықтың бірі болған еді. Астанамызда Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин Жұмабек Тәшенов, Жақсылық Үшкемпіров сынды дара тұлғаларымыздың ескерткіштерінің ашылуы мен мектептердің Мұстафа Шоқай, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Қаныш Сәтпаев, Бауыржан Момышұлы, Қайым Мұхамедханов секілді ұлт мақтаныштарының аттарымен аталуында Асхаттың да ерекше еңбегі бар. Елге құрметті зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, кеңесіп отыратын биязылығы да - жастарға үлгі.

Мемлекеттік қызметте әбден ысылған, кез келген істі дөңгелетіп, үйлесімді жүргізетін, Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі, іскер Асхат Раздықұлы жаңа қызметінде де абыройлы болатынына сенемін және сәттілік тілеймін!

Ринат КЕРТАЕВ

Пікірлер