Таразда Өзбекстан азаматтарын құлдықта ұстаған: Күндіз-түні нан пісірдік

2837
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстандық ерлі-зайыпты Таразға жұмысқа келген. Жұмыс беруші осы жерде тұруға рұқсат алу үшін деген желеумен олардың төлқұжатын алып, қайта бермеген. Олар алты ай тұтқында болып, күндіз-түні нан пісірген, - деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Ерлі-зайыпты қашып үлгергендеріне қатты қуанышты. Сонымен қатар, құлдыққа түскен кезде әйел жүктіліктің үшінші айында болған.

Телеарна мәліметінше, осындай оқиға олардың жерлестерінде де болған. Әйел досына сеніп, Алматыдағы кафелердің бірінде тазалаушы болып жұмысқа орналасқан. Алайда ол алты айлық ауыр жұмыс үшін тек қоқан-лоқы көрген.

"Біреуге шағымдансам, балаларыңды өлтіремін деп қорқытты. Мені де өлтіремін деді. Тірі қалдырмаймын деп қорқытты. Құжаттарымды, төлқұжатымды алып кетті. Қорқытты. Сондықтан біреуге хабарласуға қорықтым", - деді әйел.

Зардап шеккендер арнайы қабылдау бөлмесінде көмек алып, Отанына оралды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, шетелдіктер арасында Қазақстандағы құлдыққа Өзбекстан тұрғындары жиі түседі. Олар - көбінесе ер адамдар.

"2020 жылы 30 ер адам мен бес әйелге көмек көрсеттік. Өзбекстан бірінші орында, ал Польша, Ресей, Қырғызстаннан мұндай жағдай сирек кездеседі. 2021 жылы 51 ер адам мен тоғыз әйелге көмек көрсетілді. Оның ішінде 56 Өзбекстан азаматы бар", - деді "Родник" әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы" ҚҚ директоры Нина Балабаева.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер