Біз бұл ақшаға қару сатып алмаймыз - Украинаның Қазақстандағы гуманитарлық көмек жөніндегі елшісі

3375
Adyrna.kz Telegram

Украинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Петр Врублевский қазақстандықтар жинаған қаржының қайда жұмсалатынын айтты. Бұл туралы “Адырна”ұлттық порталы хабарлайды.

Елші барлығына украин халқымен ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, Қазақстан халқынан жиналған қаржыға  дәрі-дәрмек пен басқа да ең қажетті тауарларды алудың барысы туралы халықты хабардар етуге уәде берді.

«Сіздерге көп рахмет!  Біздің ортақ көршіміз қандай қысым көрсетіп жатырғаны белгілі?! Бірақ сіздер де шыдаңыздар. Біз әлеуметтік желілерде күн сайын ақпаратты жаңартып отырамыз. Елшілік тәулік бойы жұмыс істейді, көмектерді қабылдап отырады. Рахмет, қымбатты қазақстандық достар!  Біз алғашқы күннен бастап қаражат жинай бастаған барлық еріктілерге алғыс айтамыз! Барлығыңызға, бауырларымызға, достарымызға үлкен рахмет!”, - деді ол баспасөз мәслихаты барысында.

Врублевский гуманитарлық жүкті жөнелту кезінде кедендегі қиындықтарға тоқталып, Қазақстан мен Украина президенттерінің әңгімесінен кейін мәселе шешілетініне сенім білдірді.

«Мен Сыртқы істер министрінің орынбасарымен тікелей байланыстамын. Қандай да бір сұрақтар туындаса, оған қоңырау шаламын. Бізге қазақстандық достар барынша көмектесіп жатыр. Түсінбеушілік мәселесі әлі де бар. Бірақ  біз балама жолдармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір осындай көмек ағыны келуде. Менің ойымша, екі президенттің кешегі әңгімесінен кейін, Президент мырза тиісті органдарға олардың бізге араласпауы үшін белгілі бір тапсырмалар береді деп ойлаймын. Біз енді елшілік үшін тек гуманитарлық көмекке қоңыраулар мен хабарламаларды қабылдайтын жеке телефон орнатамыз», - деп қосты елші.

Ол сондай-ақ украин халқына көмек ретінде аударылған қаражат қару сатып алуға жұмсалмайтынын баса айтты.

«Біз күнделікті қажетті заттардың тізімін жаңартып отырамыз. Байланыс нөмірін, ақша аударуға болатын шот нөмірін жариялаймыз. Қару-жарақ пен әскери техника сатып алуға ақша жұмсалмайды. Бұл түсінікті. Тек қана «гуманитарлық» көмекке жұмсалады. Бұл біздің жұмысымыздың басты ұстанымы», - деп түйіндеді Врублевский.

Еске салайық, 26 ақпан күні Арман Шораев, Досым Сәтбаев, Мұхтар Жакошев және тағы да басқа белгілі қоғам қайраткерлерінен құралған «Ел болашағы» белсенді азаматтар тобы Украинаға гуманитарлық көмек көрсетуге қаражат жинайтынын жариялаған болатын.

3 наурыз күні қазақстандықтар гуманитарлық көмек үшін 100 миллион теңгеден астам қаржы жинағаны белгілі болды.

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер