​«Өлім жолында» белгі болмаған

2406
Adyrna.kz Telegram

Көлік апаты жиі болатын Алматы-Бішкек трассасында тиісті жол белгілері орнатылмаған. Бұған дейін Мыңбаев және Қасымбек ауылының тұрғындары күре жол бойында адам өлімі көбейді деп наразылық білдірген еді. Өйткені дәл осы маңнан соңғы бір аптаның ішінде екі адамды көлік қағып қаза тапқан.

Осыдан кейін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облыстық филиалының мамандары арнайы рейдке шықты.

Тексеру барысында Алматы-Бішкек-Тәшкент-Термез бағытындағы тас жолдың 60-шы шақырымында «жаяу жүргіншілер өткелі» деген белгінің жоқтығы анықталды. Сондай-ақ күре жолды кесіп өтетін жүргіншілерге арналған «тарғыл» жолақтың бояуы өшіп қалған.

Осының кесірінен жоғары жылдамдықпен жүйіткіген жүргізушілер жаяуларды көрмей қалады екен. Бұдан бөлек, жол сапасына жауапты мамандар дәл осы тас жолдың 44-ші шақырымында да «жаяулар өткелі» деген белгінің жоқтығын және бірнеше жерде жол белгілерінің талапқа сай орнатылмағанын анықтады.

Осы кемшіліктерді жою үшін «ҚазАвтоЖол» мекемесіне арнайы хат жолданды.

Жергілікті тұрғындар «өлім жолы» атап кеткен бұл маңға жер үсті өткелі салынатын болды. Оның жұмысына республикалық бюджеттен 180 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер