Ұлағатты ұстаз - білікті маман еді...

3036
Adyrna.kz Telegram

2016 жылғы 11 мамырда қызметтес әріптесіміз, қарулас досымыз, бауырымыз, жарқын азамат Талқыбаев Абай Болатұлы бар болғаны 36 жасында дүниеден озды. Қыршын кеткен жастың өлімі жанымызға батты, қабырғамызды қайыстырды.

Еш ауырмай-сырқамай, өмірдің әрбір сәтінен ләззат алып, жарқылдап жүретін жанның өлімі ауыр екен.

Абайдың қыршын жасы кез-келген адамның түйсігіне өлім мен өмір туралы ой қозғап, «осы өткерген ғұмырымда қандай жақсы іс атқардым» деген ойға шомуына түрткі болады, өлім жас пен қартқа, жаман мен жақсыға қарамай жалмай беретін тажал екеніне көз жеткізеді екен.

Абай бауырым туралы жазуыма себеп болған батыр бабамыз Б.Момышұлының мынау бір сөздері болды: «Біздің жазушыларымыз, ғылыми қызметкерлеріміз жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында шындықты жазуы керек.

Қазірге дейін бірде-бір әскери есім халық есінде қалу үшін қаны мен жанын берген жігіттердің жалынды есімдері салқынқандылықтан соққан самалмен өшіп бара жатқандай. Ерлерді жаза алмасақ, жазық бізде.

Ал әркімнің өзі көрген есіл ерді жырлап, өзі білетін тұлғаны баяндағаны жөн. Бір ердің істеген ісі жүзге үлгі, мыңға өнеге болады».

Абай бауырым аз ғана ғұмырында соғыста ерлік көрсетпесе де, бейбіт әскери өмірде кез-келгеннің қол жетпейтін жетістіктерге жетіп, жастарға ғана емес, үлкендерге де үлгі болатындай саналы іс қалдырды.

Ол қарапайым өмір сүрді: ешкімнің алдына шығып, оны басып озамын деген жоқ немесе атын шығарып танымал болғысы келмеді.

Ол құр қол отыра алмайтын, жан-жақты өсіп, сауатын ашып, дамуды қалайтын, алдына қойған мақсат-армандары көп азамат еді.

Ол тек өзіндік әлемі бар, сол әлемімен қатаң жарғылық әскери өмірде ерекшеленетін тұлға бола білді.

Оның әлемі әдемілікке, әсемдікке, әдептілік пен жан-жақты сауаттылыққа, талғампаздыққа, мейірімділікке, қарапайымдылыққа, адалдыққа толы еді.

Оның жырлап айтуға болатындай ерлігі -  сол әлемін болашақ шекарашы-офицерлердің бойына дарытып, оларды игі істерге тәрбиелей білуі.

11 жыл ішіндегі ҚР ҰҚК Шекара академиясындағы әскери-педагогикалық қызметінде Абай бауырым тәрбиелеген жас офицерлер еліміздің түкпір-түкпірінде тыныштығымызды қорғап, шебімізді күзетуде. Осы бір қайғылы оқиға ұстазының сүйіспеншілігіне бөленген шәкірттерінің де қабырғасын қайыстырары сөзсіз.

Абаймен таныстығымыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінде басталды. Маған ҚР ҰҚК Академиясына ЖОО бітірушілер арасынан педагогикалық қызметке үздік студенттерді әскери қызметке іріктеуге тапсырма берілді.

ҚазҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінің деканынан үздік студенттердің тізімін сұрағанымда, он шақты адамның тізімін берді. Сол тізімнің ішінде Абай бірінші болып тұр еді. Кейін Абаймен сұхбаттасқанымызда деканының мақтағанындай, жан-жақты сауатты, әдепті, алдына мақсат қоя білетін жас екеніне көзіміз жетті.

Бірақ кейбір дәлелсіз себептерге орай Абайдың құжаттарын ресімдеу процесі екі жылға созылып, кейін өзім Әскери институтқа педагогикалық қызметке ауысқанда оны әскери формада жолықтырдым.

Ол өз мақсатына жету үшін ештеңеден көңілі қалмай, институттың шет тілдері кафедрасында педагогикалық қызметпен айналысып жүргенін білдім.

Осы кезеңнен бастап Абайдың өміріндегі әрбір сәті, қуанышы, реніші, т.б. көз алдымда өтті (адъюнктураға түсуі, ғылыми еңбектерін жарыққа шығаруы, отбасын құруы, балалы болуы, т.б.).

Абай тек педагогикалық қызметін жетілдіріп қана қоймай, әскери ғылымға да өзіндік үлесін қосты. Ол әрдайым өзінің бойындағы бар біліміне қанағаттанбай, жан-жақты ізденіп жүретін.

Шекара қызметі офицерлерін даярлау ісі мәселесі бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 2010 жылы әскери педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алып, кейін «профессор» ғылыми дәрежесіне ие болды.  

2008 жылы үш айға жуық АҚШ-тың Нью-Мексика қаласында шекаралық бақылау курсынан өтіп, біліктілігін жетілдірді.

Сондай-ақ, 2011 жылы Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Академиясында біліктілікті көтеру курсынан өтіп, ТМД елдері арасындағы әскери қызметшілердің дипломдық жұмыстар сайысында үздік ғылыми жұмыс жазғаны үшін бірінші жүлделі орынды иеленіп, еліміздің беделін көтерді.

Абай Болатұлының қаламынан 100-ден аса ғылыми мақалалар, 6 ғылыми еңбек (оқу құралдары, жинақтар, анықтамалықтар) жарық көрді.

Әрбір өткізген күнін бақыт деп санайтын, әрбір адамды, адамдармен қарым-қатынасты да сол себептен бағалайтын. Біреуге дөрекі сөйлеп, ешқашан ренжітпейтін, сондықтан да елге сыйлы болатын.

Жаратылысынан жаны нәзік болғандықтан ол қарапайым адам көре білмейтін әдемілікті, әсемдікті көретін азамат еді.

Адамдармен қарым-қатынас жасағанда әр адамның көзіне қарап, оның ойын, сезімін, көзқарасын бірден байқап, сол адамға сол мезетте жанына сая болатындай сөз айтып, көңілін көтере білетін.

Ешкімге жалпақтап, өтірікті бөсетін адам емес еді, ащы шындықты да адамның көңілін қалдырмай, өзіне сыни көзқараспен қарайтындай етіп жеткізе білетін. Сондықтан болар, Абайдың жауы, өштескен қарсыласы, күндесі болмайтын.

Кез-келген ортада сыйымды, қандай да адаммен тіл табыса білетін жайдарлы азамат еді.

Өзінің шағын ғана саналы ғұмырында үнемі барлығын үлгеруге асығып жүретін.

Ол өзінің өмірінің ақыры жақындап қалғанын іштей сезінетіндіктен әдемі өмір сүруге, қоршағандардан әдемілікті көруге, қасындағыларға қуаныш сыйлауға тырысатын.

Әсіресе Абай үшін отбасы, жора-жолдастары, әріптестері, қызметтестері қымбат жандар еді.

Ол ата-анасының үмітін ақтай білген ұл, сүйікті жар, қамқор әке, бауырмал іні, сырлас және сенімді дос бола білді. Оның бойында жалпы адамзатқа тән жаман қасиеттер табылмайтын.

Ғұмыры пышақтың сабындай қысқа болса да артында қалған қызы мен ұлына жақсы есімін қалдырды.

Бүгінде Абай Болатұлының артында қалған өмірлік жұбайы Бильдебаева Әсел Серікқызы ҚР ҰҚК Шекара академиясы кадрлар басқармасының инспекторы. Әскери шені майор.

Ұлы Әлішер Алматы қаласындағы Білім иновация лицейінің 8 сынып оқушысы. Әкеге қарап ұл өсер демекші, әкесі сияқты ол да ғылым-білімға жаны құмар ағылшын тілін жетік меңгерген. Қызы Алсу қаладағы мектептердің бірінде 1 сыныпта оқиды.

Әселдің айтуынша, олар 2006 жылы Шекара академиясында танысқан.

Ол кезде Әсел Серікқызы Шекара академиясының бір жылдық курсын оқып жүрген болатын. Жыл соңында Абай Болатұлы Әселден ағылшын тілі бойынша сынақ қабылдаған.

Содан көзіне шоқтай басылған сұлу қыз жайлы айналасындағылардан сұрастыра бастаған. Кейіннен, сезімін білдіріп екі жарты, бір бүтін болайық деп өз ойын білдірген екен.      

Абай, бауырым, жарығым! Сенің қыршын өмірің барлығымыздың  қабырғамызды қайыстырып, жанарымызды жасқа жуды. Сенің жақсы ісің келешек ұрпаққа үлгі болсын, жақсы атың балаларыңның төбесін көкке жеткізсін, ал жарқын бейнең мәңгілік біздің – әріптестеріңнің есінде қалады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, иманың саламат болсын!  

Подполковник Г.Мамаева,

14-кафедраның профессоры

Пікірлер