Жастар Қазақиядан неге қашып жатыр?

2602
Adyrna.kz Telegram

Болашақта еліміздің ғылыми-техникалық элитасын құрайтын, ерекше ақылды, талантты жастар Қазақстанда өмір сүргілері келмейді. Бұл жөнінде бүгін Алматыда өткен мамандандырылған кездесу барысында айтылды. Жоғарғы оқу орындарының ректорлары, кәсіпкерлер мен саясаттанушылар қатысқан жиында алтын басты жастарымыз шетелге неліктен ағылып кетіп жатқандығы сөз болды.   

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Google, Facebook, Twitter сияқты интернет алпауыттарының кеңселері орналасқан. Жаһанға аттары әйгілі бұл компаниялар әлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты мамандарды жұмысқа қабылдайды. Олардың арасында біздің отандастарымыз көп. Жуырда ғана шетелге саяхаттап келген саясаттанушы Саясат Нұрбек қазіргі кезде Сан-Францискода 2 мың қазақ баласы қоныстанып, тұрақты жұмыс істеп жатқанын айтады.

САЯСАТ НҰРБЕК, саясаттанушы:

– Игорь Ганичев - Өскеменнің тумасы, Қазақ-түрік лицейінде білім алған математик. Сеулдағы халықаралық олимпиадада Қазақстанға алғаш алтын әпереді, одан кейін тағы 4 алтын, 3 күміс жүлде олжалайды. Бұл олимпиадаларды сырттай бақылап, Игорь сияқты балалардың тізімін жасап, шетелдік компанияларға жөнелтетін арнайы ұйымдар бар. 2002 жылы Массачусетс технологиялық институты оған шақырту жолдайды, емтихансыз оқуға қабылдайды. Бітті, баламызды жоғалттық. 30 жасқа дейін ол миллионер атанды, әрине Қазақстанда емес.

Мамандардың айтуынша ерекше қабілетімен ерте жастан көзге түскен өркендеріміздің 70 пайызы шетелге қоныс аударған. Себебі талапты жастар елімізде дамымаған жоғары технологиялы өндіріс, айти, ғылым, инновация салаларында қызмет атқарғысы келеді. Ал өркениетті еліміздің өндірісі әзірге бұранда мен тетікше шығарудан ары аса алмай жүр, -дейді жиналғандар.

ЭНДРЮ ВАХТЕЛЬ, «Нархоз» университетінің ректоры:

– Өзін өте ақылды санайтын, бұл жерде жетістікке жете алмаймын дегендер шетелге кетеді. Өздерін сынап көргілері келеді, бұл амбиция. Бірақ олардың бәрі үлкен атаққа ие болмайды ғой, дені қатардағы қызметкер болып жұмыс істеп жүреді. Неге сол жастар еліне қайта оралмайды? Себебі ол бұл жерде өзіне қызықты дүние таппайтынын біледі.

Кеш соңында мамандар білікті кадрларымызды елімізде қалдырғымыз келсе, кәсіпте қандай салаға мамандануымыз керек екендігін шешіп, стартап жобалардың инвестициясын арттырып, патент алу, жоба қорғау, жұмысқа орналасу сияқты иерархиялық жүйені жемқорлық пен бюрократиядан ада қылуымыз қажет, -деп тарқасты.

___________________________________________________________________________________________________________________

31.kz

Пікірлер