«Қазақтың тілі неге тәтті болмайды?!»: этнос өкілдері үндеу жолдады

4089
Adyrna.kz Telegram
Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режимде «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырудың тиімді жолдары» тақырыбында өткен семинар-кеңесте елімізде тұратын этнос өкілдері мемлекеттік тілді дамытуға байланысты халыққа үндеу жолдады. Бұл туралы осы жиынға қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Кездесуде «Ватра» Украин мәдени орталығының төрағасы Тарас Чернега, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Николай Путилин,  «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев пен алматылық жас жігіт Евгений Демиденко ел тұрғындарының жетпіс пайыздан астамы мемлекет құраушы ұлт өкілдері болған соң, көпшілік азшылыққа үлгі болып,  еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілдің маңыздылығын тереңдігін түсініп, сөзден нақты іске, яғни тілді үйренуге көшсе деген ойларын айтты», – деді ол.

Одан кейін ол кеңесте «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Әскер Пириевтің бір оқиғаны еске алғанын айтты.

«Әскер Пириев мынадай жан тебірентерлік оқиғаны айтып берді. Іскер байланыс орнатуға келген еуропалық бір азамат қазақ тілін білмей тұрған кәсіпкермен жұмыстас болудан бас тартыпты. Себебін сұраса, туған елін қадірлемейтін адам ешнәрсенің қадірін ұға алмайды, қасиетсіз адамдармен кәсіп құру қауіпті деген екен.

Әскер сөзін: «Қазақтың бауырсағы тәтті, табиғаты сая, ауасы шипа, тағамы дәмді болғанда, тілі неге тәтті болмайды?!» – деп аяқтады. Кездесу соңында нақты ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, республика жұртшылығына үндеу жарияланды», – деді ол.

Үндеудің толық мәтінін жариялап отырмыз.

Ү Н Д Е У

Біз этномәдени бірлестік басшылары!

– тіл саясатын жүзеге асыратын 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қазақ тілінің қолданысын міндеттеу нормативтерін бекітетін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауға; Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңындағы «мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» – деген 4-бапты, «мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының міндеті» деп ауыстыруға қажетті шараларды енгізу;

– Қазақстан Республикасындағы кез келген нормативтік құжат, заң мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыратын қанатқақты (пилотный) жобаны іске қосу;

– қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесін қоғамның әртүрлі саласында жұмысқа орналасу, қызметке тұру барысында іріктеу ережелеріне міндетті енгізудің нормативтік-құқықтық базасын әзірлеп, құзіретті мекемелермен келісуді ұйымдастыру;

– «Қазақ тілі», «Қазақстан тарихы» сияқты оқу пәндерінің мазмұнына қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі қызметі, оның сол мәртебеде қалыптасу тарихына қатысты жүйелі ақпараттарды енгізу шараларын қолға алу;

– сырттан келген мигранттардың тілдік және мәдени бейімделуі үшін мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білуін міндеттеуді, сертификаттауды қамтамасыз ететін нормативтік база әзірлеу.

– қазақтілді бизнес-коммуникация алаңдарын кеңейтуге және құралдарын жетілдіруге басымдық беру;

– мемлекеттік емес компания, жекеменшік мекемелер мен қаржы, банк саласының ұйым қызметкерлерін мемлекеттік тілде сөйлеуге ынталандыратын нормативтер әзірлеу және шаралар жүйесін ұйымдастыру;

– мемлекеттік тілдің әлеуметтік имиджін арттыру мақсатында жастар арасында қазақша сөйлеуге шақыратын пікір алаңдарын, түрлі акциялар, латынграфикалы әліпбиді енгізуге байланысты стрит-арт байқауларын өткізуге қолдау көрсету.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер