«AMANAT» партиясы – Президенттің Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі тірегі – Е. Қошанов

2186
Adyrna.kz Telegram

Бүгін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ұйымның  Орталық аппаратында фракция мүшелерінің, өңірлік филиалдар атқарушы хатшыларының, қоғамдық кеңестер басшыларының және аппарат қызметкерлерінің қатысуымен жиын өткізді. 

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған реформалар барлық саяси ұйымдардың әділ бәсекесіне жағдай жасағанын атап өтті.

«AMANAT» партиясы – 23 жылдық тарихы бар еліміздің ірі саяси күш. Партияның ресурсы жеткілікті және еліміздің барлық қалалары мен аудандарында филиалдары бар. Соңғы съезде бізге «ADAL» партиясының өкілдері қосылып, әлеуетіміз айтарлықтай күшейе түсті», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ «AMANAT» Төрағасы партияның ел игілігі үшін қоғам алдында зор жауапкершілік алғанына тоқталды. Тұрғындардың түйіткілді мәселелерін дер кезінде шешу барлық деңгейдегі партия мүшелерінің міндеті және бұл сайлау науқанында жеңіске жетудің кепілі екенін айтты.

«AMANAT» партиясының Лидері Сайлауалды бағдарламаның орындалуын жан-жақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударды.

«Әр облыс, қала, ауданның нақты мақсатты көрсеткіштері бар Жол карталары бекітілген. Олардың жүзеге асуын бақылау аймақтардағы филиалдар мен мәслихаттардағы фракциялар үшін басты басымдық болып қала береді. Азаматтар сайлауалды уәденің орындалу деңгейіне қарай бізге баға береді», – деді партия Төрағасы.

Ерлан Қошанов ел Президенті кешегі Съезде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта партиядан қандай үміт күтетінін айқын жеткізгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы «AMANAT»-ты президенттік реформалар бағытын жақтаушыларды топтастыратын партия деп біледі. «AMANAT» Президентке қоғамдық қолдау көрсетіп, Жаңа Қазақстанды құру үшін жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Партия мемлекеттік органдардың проблемаларын ашып көрсететін, сайлаушылардың мүддесін барынша қорғайтын саяси күш болуы қажет. Біздің партия бюрократизм және волюнтаризммен күресуі керек. Бұдан былай жасандылық пен формальды іс-шаралар болмауы тиіс», - деді Ерлан Қошанов.

Кеңес барысында Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарындағы және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы аймақтық филиалдардың атқарушы хатшылары, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» депутаттық фракциясының мүшелері сөз сөйледі.

Е.Қошанов партияның Орталық аппараты мен филиалдарына жұмысты күшейтуге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер