«Ән домбыра» әдеби-сазды кеші өтті

3108
Adyrna.kz Telegram

Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында «Ән домбыра» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Театрдың директоры – Ринат Заитов, көркемдік жетекшісі – Жұлдызбек Жұманбай, режиссері – Нұржан Тутов.

Түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы өзінің «Ерте орта ғасырдан жеткен мәдени мұра түркi тарихының көнеден тамыр тартатындығына нақты дәлел бола алады» атты мақаласында сенсациялық оқиға бойынша «Түркі бабалар V ғасырда қолына ұстап, күй толғаған абыз домбыра Алтай тауының бір сырлы үңгірінен табылды. Қазақ саз аспабының бірегейі құдіретті қара домбыра біздің заманымыздың V ғасырында жасалған төлтума бейнесімен, міне, біздің қолымызға түсіп отыр», – дейді. Күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазының «Домбыра аспабының шығу тегі жайында» атты жазбасында «Ежелгі түрік дәуірінде домбыра аспабы кеңінен қолданысқа ие болғандығын осы кезеңнің жәдігерлері саналатын ескерткіштер балбал тастарға, қылыш-қанжар сынды қару-жарақтардың сабына қашалып салынған домбыра аспабын ұстап тұрған адам бейнелерінен көруге болады», – деп көрсетілген. Домбыраның түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатынын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Домбыра – қазақтың құнды байлығы, ұлттық имиджді қалыптастырушы құрал. Домбыра жасай берсін, қазақ елі!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер