Дәурен Абаев: Жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты

3257
Adyrna.kz Telegram

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

"Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты. Қазіргі таңда бүлідіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес. Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес" деді ол.

Сондай-ақ  жиында отандық анимация мамандарының шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланды. Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды көздеп отырмыз.

"Біз осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көшінен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптасырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін" деп қосты Абаев.

Пікірлер