Батыс қазақстандық әйел қиындыққа мойымай, кәсібін дөңгелетіп отыр

2497
Adyrna.kz Telegram

Тағдыр сынына мойымай, өзін қолға алу арқылы алға қарай қадам басып, болашағынан үлкен үміт күтетін жандар қаншама?! Маңдайына жазылған тағдырдан қашып, құтыла алмасын білсе де, өмірден өз орнын тауып, ешкімге масыл болмай өз күнін өзі көріп жүрген жандар баршамызға үлгі. Солардың бірі — Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында тұратын Қантым Ғұмарова.

Өмірге ғашық әйел мүгедектігіне қарамастан, тігіншілік және қолөнермен айналысып, кәсібін домалатып отыр. «Адырна» тілшісі қайсар жанмен тілдесіп, аз-кем әңгіме құрды.

Ғұмарова Қантым Аманқызы 1955 жылы желтоқсан айының жиырма алтыншы жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Бөкей орда ауданы, Темірмасин ауылдық округінде дүниеге келген. Құрманғазы совхозы, Саралжын ауылында оқып, білім алды.

1966 жылы 11 жасында жол апатына түскен. 1980 жылдары жарақаты қайта сыр беріп, дәрігелер көмегіне жүгінген Қантым Аманқызы қате емделу салдарынан дертін асқындырып, онкологиялық ауруға шалдыққан. Кейін емін Алматы қаласында жалғастырды. Мамандардың қателесуі нәтижесінде сүйегі балқып, жілік майы ағып кеткен. Осылайша 2 жыл емделіп, еш нәтиже болмаған соң аяғын кесуге мәжбүр болған. Алғашқы жылдары I топ, кейін II топ мүгедектігіне шықты.

Кейіпкеріміз бала кезінен анасынан шұлық тоқып, кесте тігіп үйренген. Мүгедектік алғаннан кейін ол тігінші болып жұмысқа орналасады. 10 жылдан кейін Жәнібек ауданына тұрмысқа шығып, сол уақыттан бастап қолөнермен айналысуды жөн көреді. Жұмыс істеп жүрген цех жұмысын тоқтатқан соң үйде отырып тігу және тоқу жұмыстарымен айналысады.

2011 жылы грант арқылы іс машина алған.

«2019 жылы "Amanat" Жәнібек бастауыш партиясы мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында өткен сайыста І орын алдым. Осыған орай маған көп функционалдық іс машинаны сыйға тартты. Қазіргі таңда көрпе, төсекше, көпшік, қоржын, сөмке сынды дүниелерді өз қолыммен жасаймын. Киімін қысқартқысы келгендер немесе қыз жасауына тапсырыс берушілер үйіме келіп, қызметімді тұтынады»,— дейді Қантым Аманқызы.


Әңгіме барысында рухы биік әйел өз жан-сырымен бөлісті.

«Аяғымнан кесіліп Саратовта протез алып жатқан кезімде емханадан қос қолы жоқ адамды көргенде тәубеме келдім. Оған дейін жер жүзіндегі жалғыз мүгедек менмін деп ойлайтын едім»,– деп түсіндірді ол.

Айтуынша, жұмыс барысында түрлі қиындық болады.

«Ауылда тұрғандықтан, қажетті мата мен жіпке, тағы да басқа керекті құралдарға қол жеткізе алмай қаламын. Қалаға күнде баруға мүмкіндік жоқ. Одан бөлек, қаржылай жағынан да қиындықтар болып тұрады. Ауылда еш кәсіпкерден де, билік тарапынан да ешқандай көмек, қолдау болып отырған жоқ. Қолдан келгенше Алматыға жыл сайын протезге барғанымда керек-жарағымды алып аламын. Қиындықсыз өмір жоқ. Сол себепті, мойымай басқа жолдарын қарастырып отырамын. Атадан қалған ұлағатты сөздерді жиі оқимын. Осылайша мотивация аламын. Мына бір өлең жолдары ерекше шабыт береді:
Тәубеңе кел пенде болсаң есі бар,
Сабырсыздар қадірсіз боп тосылар.
Дүниеге қолың жетпей қалғанда,
Қос қолы жоқ пенделерді есіңе ал»,— деп қайсар жан ағынан жарылды.

Қантым Аманқызының қолынан шыққан бұйымдар

Сұқбат соңында Қантым Аманқызы жастарға өз-ақыл кеңесін айтты.

«Әр істің өз қиындығы бар. Шыдамды, сабырлы болыңдар. Төзімділік пен еңбектің арқасында бәріне қол жеткізе аласыңдар. Ұялы телефонға телміре бермей, жаңа нәрсе үйренуге асығыңдар. Барлық жастарды еңбекке шақырамын!»— деп сөзін түйіндеді ол.

Қайсар мінез Қантым Аманқызының өмір жол қай-қайсымызға да сабақ болары анық. Несиесіз, өз еңбегімен кәсібін домалатып отырған жанға шығармашылық табыстар тілейміз!

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер