Хаменованың ісі бойынша сот антикордың жетегінде кетіп жатқан жоқ па?

8103
Adyrna.kz Telegram

Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Ақордада өткен жиында Бас прокуратураға тәртіп сақшыларының «қиялынан туған» қылмыстық істерді тоқтатуды тапсырды. Әйтсе де бұл үрдіс өзгере қоймағанға ұқсайды.

Бүгінде қылмыстық қудалау орбитасына бұрынғыдай қарапайым азаматтар ғана емес, атқарушы билік органдарының лауазымды тұлғалары да көптеп тартылып жүр.
Мәселен, өткен жылдың 10 желтоқсанында Антикор Атырау қаласындағы Абай ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін ЖШС басшысынан пара алды деген күдікпен Хаменова Бақытгүлді (Атырау облысы әкімінің орынбасары, қазір қамауда) ұстады.

Негізі пара алу белгілі бір мәселе тиімді шешілу үшін лауазымды адамға берілген ақша, бағалы қағаз, басқа да мүлік немесе мүліктік құқық болып саналады.

Алайда тергеу материалдарын зерттей келе анықталғаны - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Арнайы комиссияның шешімімен ескерткіш орнатушы 2019 жылы қарашада, яғни Б.Хаменованың облыс әкімі орынбасары қызметіне келерінен 5 ай бұрын бекітілген.

Арнайы комиссияның дәл осы шешімі ескерткіш нұсқасының авторымен Мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға негіз болады. Басқаша айтқанда, әкімдіктің Арнайы комиссия шешімімен конкурс жеңімпазы деп танылған ескерткіш авторы қызметін сатып алудан басқа таңдауы болмайды.
Бұл шешім қайта қарауға жатпайтындықтан, Атырау қаласының әкімдігі ескерткішті дайындау және жеткізу үшін ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан. Сондықтан бұл келісім-шарттың жасалуына сол кезде Мәжіліс депутаты лауазымындағы Б.Хаменованың мүлдем қатысы жоқ және ол ЖШС-мен жасырын байланыс жасай алмайды да, себебі ескерткіш орнатуға қатысты барлық жауапкершілік Атырау қаласы әкімдігіне жүктелген.

Хаменоваға тағылған айыптың күмәнділігін және нақты айғақтың жоқ екенін ескерген сот оны тергеу мерзімінде қамауға алудан негізді түрде бас тартып, бұлтартпау шарасының неғұрлым қатаң емес түрімен шектелді. Сондай-ақ Хаменова мен оның туыстарының істі толық әрі обьективті қарастыруға кедергі келтіретініне нақты дәлелдердің болмауы да қаперге алынды.

Бұл шешім жарияланғаннан кейін сотқа сырттан қысым көрсетіліп, Хаменованы кез келген әдіспен қамауға алу тапсырылды және ол бірнеше күннен кейін мүлтіксіз орындалды.

Уақытша ұстау изоляторына орналастыруға заңды негіз болмаса да, сот «Б.Хаменова өз кінәсін мойындамады және сонымен қатар таныстары арқылы куәгерлерге қысым көрсетіп, жалған ақпарат таратуы мүмкін» деген желеумен темір торға тоғытты.

Алайда сот ешкімнің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігін, оның пікірін жариялауды шектеу диктаторлық режимге апаратын төте жол екенін ескермеді.

Бүгін Хаменованың ісін қарау процесі басталды. Жаңа Қазақстанда ең болмағанда сот Антикор мен прокуратураның әділетсіз шешімдерін қолдамайтынына шын сенгіміз келеді.

Б. Хаменованың айыптау актісімен таныстырылмауына байланысты сот отырысы 11 тамызға шегерілді.

Нұрбек АЛДАБЕРГЕНОВ

РЕДАКЦИЯДАН:
Бұл редакциямызға жолданған оқырман хаты. Редакцияның ұстанымы автордың көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Пікірлер