Ақ үй Тайваньдағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қытай елшісін шақырды

2272
Adyrna.kz Telegram
Фото: Global Look Press
Фото: Global Look Press

Ақ үй Тайвань төңірегіндегі жағдайды талқылау үшін Қытайдың Вашингтондағы елшісін шақырды. Бұл туралы 5 тамызда The Washington Post басылымы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Басылымның мәліметінше, дипломатты АҚШ әкімшілігі бір күн бұрын, бейсенбі күні шақырған.

«Қытайдың түнгі әрекеттерінен кейін біз ҚХР-ның арандатушылық әрекеттерін көрсету үшін елші Цин Ганды Ақ үйге шақырдық. Біз Қытайдың жауапсыз және Тайвань бұғазында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі көптен бергі мақсатымызға қайшы келетін әскери әрекеттерін айыптаймыз», - деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джон Кирби газетке берген түсініктемесінде.

Оның айтуынша, Ақ үй де Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің сапары аясында АҚШ-тың аймақта дағдарысты қаламайтынын білдіргісі келген.

Америкалық тарап Циньге АҚШ-тың «бір Қытай» саясатында ештеңе өзгермегенін баса айтып, барлық байланыс жолдарын сақтағысы келетіндерін қуаттады. Алайда Вашингтон Бейжіңнің әрекетін қабылдауға болмайды деп санайды.

Еске салайық, Пелоси аралға 2 тамызда келді және оның сапарын «АҚШ-тың Тайвань демократиясын қолдауға берілгендігінің айғағы» деп атады. Бұл АҚШ Конгресі Өкілдер палатасы спикерінің Тайваньға соңғы 25 жылдағы алғашқы ресми сапары. Пекин Вашингтонға үзілді-кесілді наразылық білдіріп, жауап шараларына уәде берді.

4 тамызда Қытай Халық азаттық армиясы Тайвань төңірегінде үш күндік ауқымды атыс жаттығуларын бастады. Сонымен бірге Reuters ақпарат көзіне сілтеме жасап, Тайвань Қытай әуе күштерінің оқу-жаттығулардағы әрекеттерін бақылау үшін зымырандық кешендерді орналастырып жатқанын жазды.

Қытай Сыртқы істер министрлігі 5 тамызда Қытайдың Пелоси мен оның жақын туыстарына санкция салатынын хабарлады.

Айта кетейік, Тайвань Қытайдың бір бөлігі. Бірақ талай онжылдықтар бойы тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріп келеді. ҚХР үкіметі мен оның аралдық провинциясы арасындағы ресми қарым-қатынас 1949 жылы үзілді, байланыстар 1980 жылдардың аяғында қалпына келтірілді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер