Ақтөбеде мас ана бес айлық сәбиін орындыққа тастап кеткен

3097
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе қаласында мас ана бес айлық сәбиін орындыққа тастап кеткен, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бүгін түнгі бірлер шамасында қалалық полицияның кезекші бөліміне әйел бес айлық бала алып келген. Айтуынша, сәби 8 наурыз көшесіндегі көп қабатты үйлердің қасындағы орындықта жылап жатқан.

«Мен анасының мас күйінде белгісіз бағытта кетіп бара жатқанын көрдім. Ол баланы сол орындыққа қалдырып кеткен»,– деді куәгер.

Ювеналды полиция инспекторлары дереу жедел жәрдем шақырып, баланың денсаулығын тексерді. Қызметкерлер сәбиді “Үміт” балалар үйіне орналастырды.

Бір сағаттай уақыт өткен соң полицияға 1997 жылы туған анасы телефон шалып, баласының жоғалып кеткенін айтқан.

Полицейлер анасын тауып, алкогольдік ішімдік ішкенін тексеріп, тұрмысы нашар отбасы ретінде есепке алды. Баланың әкесі туралы мәлімет жоқ.

Алдағы уақытта инспекторлар әйелдің тәртібін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қарауға құжаттар жанақтап жібермек. Комиссияның шешімі бойынша азаматша баласын сәбилер үйінен ала алады.

Пікірлер