«Оқырман қауым үшін үлкен өкініш»: Мұхтар Мағауин Президентке хат жолдады

2674
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың іріктеуіне қатысты Президентке хат жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Хатта жазушы үздік қаламгер Тұрысбек Сәукетай ең соңғы іріктен өтпей қалғандығын, мұның қазақ қоғамының көкейкесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – оқырман қауым үшін үлкен өкініш екендігін атап өткен.

«Айтпағым – қазақ рухы, қазақ мәдениетіне қатысты аз ғана бір уәж. 2022 жылғы Мемлекеттік сыйлық талқысы туралы соңғы хабардан естуімше, бүгінгі қазақтың атпал жазушысы, тіпті екінің бірі, үздік қаламгер Тұрысбек Сәукетай ең соңғы іріктен өтпей қалыпты. Абай атындағы марапатқа бірден бір лайықты – осы «Желқайық» романы еді. Тұрысбек – бүгін ғана жеткен прозашы емес, өткен он жылдықтағы «Ай қараңғысы» және кез келген басқа да романы осы мәртебегі татитын. Бүгінгі бәйгеге «Желқайық» түскен екен. Айтары жоқ, осы жаңа ғасырда дүниеге келген ең озық туындылардың бірі. Мұндай, биік көркемдік деңгейде жазылған, бүгінгі қазақ қоғамының көкейкесті мәселелерін көтерген соқталы романның Мемлекеттік сыйлыққа жетпей қалуы – көңілінде алалық жоқ зиялы қауым үшін, көзі қарақты, ұлт мүддесін ойлайтын оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді.

Тұрысбек Сәукетайды лайықты сыйлығына жеткізу ендігі Сіздің қолда тұр деп білемін...», – делінген президент Тоқаевқа  жолдаған хатында.

Пікірлер