"Қуаныштарында шек жоқ": Қостанай облысында өрттен зардап шеккендер жаңа баспанаға көшті

2622
Adyrna.kz Telegram

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында болған алапат өрттен жапа шегіп, баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа үйлердің кілті табысталды. Бұл туралы kostanaytany.kz хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

91 отбасы қоныс тойын атап өтіп, орман өрті баспаналарын тып-типыл етіп, төтеннен бейнетке тап болған тұрғындар судай жаңа үйге кірді. Қуаныштарында шек жоқ. Қамқорлық жасаған отандастарына, билі кке алғыс жаудырып отыр. Мәселен, Бейсенбай Рахметов сонау күнгі сойқанды көрген түстей ғана еске алады.

-Аждаһа өрт ауылға ауыз салғанда ұсақ малдарымды аман алып қалу үшін өрт ортасында арпалыстым. Отбасымды қауіпсіз аймаққа шығарып салған едім. Өрт сұмдық болды. Бет қаратпайтын жалын мен қою түтін ортасында қалып қойдым. Мені іздеп келген балаларым тірі екенімді көріп, жылап жіберді,-дейді ол. 

Зейнеткер басқа жапа шегушілер секілді жәрдемақы алып, үйімен бірге күлге айналған құжаттарын да қалыпқа кетіріп алған. Бүгін бәрі тағатсыз күткен баспаналарының кілтін иеленді.

Ресми шараны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жүргізіп, рекордтық аз уақытта "Бірлік" атты шағын ауданды салып шыққан құрылысшы компанияларға алғысын айтты. Кілт табыстау рәсімінен соң билік өкілдері үйді-үйге кіріп, құрылыс сапасымен танысты.

Айта кетейік, 12 сотық жерге салынған әр пәтердің ауқымы 100 шаршы метр, төрт бөлмелі. Әрқайсысына табиғи газ, су енгізілген.  Сондай-ақ, интернет тартылған, оны тұрғындар бір жыл тегін пайдаланбақ.  Бұған дейін де жазғанымыздай, Әулиекөл кентінің түбіндегі 91 тұрғын үйдің құрылысына Президент тапсырмасымен 2,3 млрд теңге бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстарымен 13 мердігер компания айналысты.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер