Риддерліктер жылу жоқтығына шағымданып, облыс әкімдігін аяқтан тұрғызды

3641
Adyrna.kz Telegram
Риддер қаласының тұрғындары үйлерінде жылу жоқтығына шағымданды. ЖЭО басшылығы су араласқан мазуттың сапасын бақыламаған болып шықты. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Риддерде жылумен қамсыздандыру қызметі кешке дейін қалыпқа келтіріледі. Мазуттың сапасына байланысты штаттан тыс жағдай орын алды. Техникалық себептерге байланысты ЖЭО жұмысы тоқтатылды. Бірақ тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ, жылумен қамсыздандыру жұмысы кешке қалыпқа келтіріледі.

ЖЭО басшылығы су араласқан мазуттың сапасын бақыламай, салғырттық танытқан.

Қазір жылу беру станциясына "Қазцинк" ЖШС-дан 60 тонна мазут және ЖЭО ӨБ-дан 70 тонна мазут жіберілді. 25 қазанда түнгі бірлерде тағы алты цистерна келіп жетеді. Мұның бәрі станцияны 100 күндік үздіксіз жұмыс істеуі үшін отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, яғни қаланы жылумен жабдықтау ең қысқа мерзімде қалпына келтіріледі.ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы Даниал Ахметов атап өткендей, осы уақытта ЖЭО ӨБ-дан Риддердегі ЖЭО-ға 20 тонна мазут тиеген алғашқы көлік аттанып кетті, бір сағат барысында жол полициясының алып жүруімен тағы 50 тонна жөнелтіледі, сондай-ақ "Қазцинк" ЖШС-да мазут жеткізеді.

Станцияның екінші қазандығы қатты отынмен жұмыс істейді, бірінші және үшіншісін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал сағат 22:00-ге дейін Риддер ЖЭО температуралық режимге сәйкес тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді.

Мазутқа су араласқан

Өңір прокуратурасы "Риддер ЖЭО" АҚ басшылығы тарапынан жіберілген немқұрайлылық фактісі бойынша тергеу амалдарын қолға алды. Жедел штаб құрылды, жағдай өңір басшысының жеке бақылауына алынды. Қазір қалада облыс әкімінің орынбасары жүр. Халық арасында дүрбелеңнің орын алуына негіз жоқ. Сағат 22:00-ге дейін жылумен жабдықтау жүйесі нормативтік режимге өтеді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер