Белгілі ғалым-қайраткер Серік Пірәлиев өмірден озды

7622
Adyrna.kz Telegram
Белгілі ғалым, қайраткер, ұстаз Серік Пірәлиев өмірден озды. Қазақстан ғылымындағы орны толмыс қаза жайлы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлап, барша шәкірттеріне көңіл айтты, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 
"Бүкіл саналы ғұмырын халыққа білім беру ісіне арнаған абзал азамат Серік Жайлауұлының өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтақтасып көңіл айтамын.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Жайлауұлы Пірәлиев ұзақ жылдар бойы еліміздің жетекші университеттерінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде басшылық қызметтер атқарып, саланың дамуына зор еңбек сіңірді. Талантты шәкірттер баулыған ұлағатты ұстаз, ел ісіне етене араласқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болды. Отандық ғылымның қарқынды дамуына айрықша үлес қосты. Сонымен қатар қоғамдық істерге де атсалысып, жұртшылықтың ізет-ілтипаты мен құрметіне бөленді. Жемісті қызметі жоғары марапаттармен атап өтілді.
Ардақты ағамыздың өнегелі өмір жолы ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып, ақжарқын асыл бейнесі барша жақындарының жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз. Ғалымның ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретіні анық.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!" - деп күңіренді министр.
Серік Жайлауұлы Пірәлиев 1952 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Ақбиік ауылында туған. Ол педагогика ғылымының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі. Қазақстан Білім Беру ісінің Үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері.
"Адырна" ұжымы ғалым, ұстаз, қайраткердің барша әріптестері мен үзеңгілестеріне, шәкірттері мен туған-туысқандарына қайғыра отырып көңіл айтады.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер