Алматыдағы  1500-ге жуық ескі үйге күрделі жөндеу жүргізген жөн – Президент

2180
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуі барысында жастар үшін ең өзекті мәселе баспана екеніне баса аударды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.  Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қалада тұрғын-үй тапшылығын азайту аса маңызды міндет екенін айта келе, шаһар басшылығына тапсырма берді.

«Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмауын ойластыру керек», - деді ол.

Кездесу кезінде Тоқаев елдің наразылығын тудыратын тағы бір маңызды  мәселе - үйлердің тығыз орналасуына тоқталды.

«Осындай құрылыстар және жолдардың ыңғайсыз салынуы көп қолайсыздық тудырып отыр. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек. Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс. Сондай-ақ, Алатаудың самалы қалада еркін есуі қажет. Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды. Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын»,-деді Президент.

Мұның бәрі Алматыны мейлінше жайлы, қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үшін қажет шаралар. Мемлекет басшысы, жайлы қала болуы үшін «шаһарда Ботаникалық бақ сияқты қоғамдық орындар көп болуға тиіс», деді.

Айтуынша, кейбір аудандарда осындай нысандар мүлдем жоқ.

«Қала әкімдігі осы ахуалды түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Жұрттың демалуына арналған бес орталық салу жоспарда бар. Мен мұны толық қолдаймын. Бірақ, жұмысты сапалы орындау қажет», -деп қорытындылады ол.

Пікірлер