Астанада митинг ұйымдастырған Әбиев қамауға алынды

2674
Adyrna.kz Telegram

Елордада Тоқаевтың инаугурациясынан кейін митинг ұйымдастырған кәсіпкер Марат Әбиев 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Тимур Құлыбаевтың сенімді серіктесі деп танылған Марат Әбиев бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны, полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды.

"Іс материалдарында 2022 жылдың 26 ​​қарашасында М. Әбиев Астана қаласының жергілікті атқарушы органының рұқсатынсыз Қорғалжын тасжолы бойында митинг ұйымдастырып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны көрсетілген.

Оның сотта айтқаны бойынша, ол ауыл шаруашылығын дамыту жобасын тез арада қарауға ел басшылығы назарын аудару мақсатында бейбіт митинг ұйымдастыруды ұйғарған. Ол заңға қайшы әрекет жасамағанын айтып, бейбіт жиын өтетін күннен бір күн бұрын қала әкіміне алдағы іс-шара туралы хабарлағанын мәлімдеді. Әкімшілік құқықты бұзу бойынша кінәсін мойындамады. Прокурор соттан Әбиевті кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алуды сұрады", - делінген ресми хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, Астанада 26 қараша күні кешке интернет бір сағат бойы істемей қалған еді. Дәл осы уақытта өздерін «Болашақ сәулетшілері» деп атаған Марат Әбиев бастаған бір топ белсенді ереуілге шыққан еді. Кейін полиция елордадағы митингке 300-ге жуық адам қатысып, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткенін хабарлаған болатын. 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер