Қазақтың «обалы»

2227
Adyrna.kz Telegram

Көлік ызғып келеді. Рульде Досан. Екеуміз әр нәрсені бір айтып, ақыры дін мәселесіне ойыстық, мұртсыз сәләфтарды, қауға сақалдар мен шолақ балақтарды, олардың «патша» дегенді «Отан» дегеннен жоғары қоятынын біраз қаузадық.
- Еһ, ертең балаларымыздың басын қатырмаса болды...
Досан көз қиығымен маған қарап, басын изеді. Екеуміз бір сәтке үнсіз қалдық. Бір мезетте Досанның ойына бір нәрсе түскендей болды.
- Білесің бе, осы бізге дін үйретіп жүргендердің ешбірі «обал» сөзінің мағынасын түсіндіре алмайды?
-Неге?
- Мысалы мен бір жыл Иранда оқыдым. Ол жақтың студенттері бізді, біз оларды жиі қонаққа шақыратынбыз. Сонда байқағаным Ислам Республикасының жастары жерге жайылатын дастарханның үстінен олай-бұлай аттап жүре береді. Қазақтар шыр-пыр боламыз. «Әй, болмайды!» - десек «Неге?», - деп бетімізге бажыраяды. Обал болады! Аналар иығын қиқаң еткізеді. – Досан қызына әңгімелей бастады. – Жұп-жұқа қатпар нандары бар, студенттерге береді. Айналасы жарты сағаттың ішінде жаңағы нан қоқайып қатып қалады. Соны қапқа салып, аяғымен нығыздағанды да көрдік. Обал ғой, енді... Түсіндіре алмадық. Оларда біздің «обалдың» мағынасын дөп ұқтыратын сөз жоқ екен. Діни тұрғыда осындай дәрежеге жеткен қазаққа біреулер келіп ақыл айтады, ата-бабадан келе жатқан жолды бұзады! Ұлтқа обал емес пе, а, бауырым?
Ол маған тағы бір қарап қойды. Үндемедім. Ойланатын, зерделейтін мәселе екен...
Қазақта ешбір дін жетесіне жеткізіп түсіндіре алмайтын, ешбір тіл нақ сипаттап аудара алмайтын «обал» деген ұғым бары рас. Ол сөз бізге Ислам діні арқылы келген екен. Мысалы «Хашр» сүресінің 15 аятында «Олар істеген істерінің обалын тартады» деген сөз бар. Бір аудармада «жазасын» делініп жүр. Бұған қарасақ «обал» «күнә, жаза» деген болып шығады. Дұрыс делік. Тек арабтан сіңсе де қазақтың «обалының» мағынасы әлдеқайда терең. Қазақта бұл сөз ар-ұят, иман кодексі! «Обал болды, обалына қалды, обалына қалма» деген ұғымның бәрінің мәні де, түбі де тұңғиық. Ал, арабтардың өзінде «обал» сөзі тым көп қолданылады екен: бір нәрсенің күшейтілуі, жинақталуы, тіпті төпелеген ақ жауын да обал деп аталады. Сондықтан болар олардың түйсігінде бұл сөз қазақ ұғымына шендесе алмайды. Иран жастарының Досанның дастарханынан аттап жүре беруі, нанды аяқпен нығыздауы сол пайым-парасат деңгейінің басқа сатыда болғандығының салдары. Олар адал асынан қара табанын асыра өтіп бара жатқандарға алара қараған қазақ баласын түсінбейді. Орыстар да ұядағы бұршақ ұрып тастаған балапанды көрсе «жалко» деп қоя салады. «Жаль» мен «жалко» қазақтың «апыр-ай, обал болыптысын» дөп бере алмайды. Оны аудармашылар да біледі, сөздікке обалды-грех деп аударулары соны білдірсе керек. «Жалко» -аянышты, «грех» - күнәні білдіреді, «обал»-...
Сүт төгілсе - обал, нан қоқымы шашылса - обал, көкті жұлсаң - обал, баланың қарны тоймай қалса - обал, жүйрік ат аяқтан қалса - обал... Осының бәріне «великий и могучидің» жалкосын қойып көрсең жаны ашығанның шалажансар лебізі шығады. Арабтың жаза, күнә дегенге саятыны да еш үйлеспейді. Қазақ баласы осы «обалмен» тәрбиеленеді. Бұл аса биік мистикалық-психологиялық күй. Киесі бар, ерік- жігеріңді уыста ұстататын ұғым! Оны білген жан адамгершіліктен аттамайды. Түсіндіру қиын. Мұндай сана діни-рухани ғұламалықтың шыңына жеткен ұлтқа ғана тән болса керек. Менің, мен секілді көптің түсінбеуі-сол шыңнан етекке ентелеп бара жатқан топтың санатында болуымзда. Айналамыз нөпір. Құлдыраңдап, құлдырап барамыз. Табан тірер бұдыр жоқ. Балтыры шыдамай домалап кеткендердің, басы жерге сарт-сұрт ұрылғанын көріп «Туһ, анау байғұсқа обал болды ғой» деп дауыстап қоямыз. Тек сол обалды өзіміз түсінбейміз. Күнә, жаза деген сөздерді қосарласақ жаңағы сөйлеміміз шатпақ болып шығады. «Ана байғұсқа жаза болды ғой... күнә болды ғой...» Бұл не сөз?! Мүмкін ол пәк жан шығар, мүмкін ол жауыз тағдыр ері мен ұлдарын жалмаған кейуана шығар, мүмкін ол тұлдыр қалған ұл шығар, зар жылаған қыз шығар... Оның сүрінгеніне «күнәнің» не қатысы бар? Оның обалы кімге сонда? Білмеймін. «Жоқшылық қажытты!» деп еңіреген ананы желкесінен сүйреп бара жатқан полиция да, соны сырттай құптайтын, барлық заңды «бақылаушы» прокурор да, кепені трактормен таптата салған әкім де, баласын әжетханаға тастай қашқан бейбақ та білмейді. Көзінде «обал-ай» деген ойдың ұшқыны болса мұның бірін көрмес едік. Олар түгілі осының бәріне миығынан күліп, мұртын сылап қарап отырған данышпан министр де білмейді. Олар етекке бізден бұрын барып қойған. Ұмытқан. Атасы мен әкесі айтқан «обалдың» жұрнағы есінде еміс-еміс сақталған адам ондай іске бармайды. Сонда қазақтың «обалының» қандай құпиясы, не құдіреті, қасиеті бар? Бір білсе әділеттің айнасы, ақиқаттың қайрағы – сот білуі керек-ау... Әлгі, алты адамды қағып, бірін өлтірген зомби-жігіттің соты кезінде қазы жаққа мойын созып едім «обалды» түсінбейтінін көзінен ұқтым. Алты балалы әйелдің жеріне қатысты үкімді оқыған қазының да көзінде өлі түнек. Залдағылар «бала-шағасының обалы саған, қарабет» деп екінші тарапты қарғап-сілеп жатыр. Аналар мырс-мырс етеді, қазы ұқпағанды олар қайдан түсінсін.
Өткенде «әуелі елге, одан кейін жерге обал болады» деген мәселе көтеріліп еді. Тыныш қана тыныс алып жатқан жердің тамырын басып көрген балгердей болғандар шу ете түсті. «Тозып барады екен, ауру екен, өледі екен...». Өз аргументін айтып, «обал» дегендерді жеп барады. Жерді анаға теңегендерді «олай болса анаңның бетіне симе, ты..а» дегендей кекетті. Жұрт: Ау, алдағындай сөзді қалай айттың, қасиетті түк өскен аузыңа обал ғой?!- деп еді, жаңағылар тағы лап берді. Беті ашылып кеткен келіндей кекетіп, мұқатып, шайпау тілмен жеп барады. «Мыналарың жөн емес» дегенге көмейіндегі бүлкілдеп тұрған «біздің тақсырдың жағасына жармасар кім едің...» деген ойды жасырып, «Пәлі, данышпан... », - деп сайқалша сылқ-сылқ күледі. Өйткені, обалға қалушылардың , шыңға ұмтылғандарды етектен тартып құлатушылардың тарапына өтіп, әмірлікке қол жеткізіп алған. Қорғаны күшті, айтағына абалайтын төбеттері жетерлік. Қарғыбауды ағытса, «әне!» деп саусақ шошайтса болғаны... Шошайтып, қаншамасын талатты да. Сол таланған «бүлікшілердің» сорғалаған көз жасының, көкпар болған жерінің обалы кімге? Жалпы обал деген не осы, білетін біреу бар ма? Құдайдың жердегі көлеңкесі екеніне сеніп, миы айналып қалған пенденің обалы күшті ме, әлде сол Құдай есімін алған халықтың обалы күштірек пе? Қайсысының обалына қалғанның күнәсі ауыр? Осы сұрақтардың жауабын тапсақ қана құлдилаған екпінімізді тежер, итерушінің жағасын жыртар дәрмен табылар... Жаңа мен мысал еткендердің дені Досан айтқан «дін түсіндірушелер» екен. Олардың түсінігіне ілессек қырымзыдай қызымызға, құлыншақтай ұлымызға обал болмай ма? Солар неге қорқыта береді, «Әне, Сирияны, Ливияны қара! Саған сол керек пе?», - деп зіркілдейді. Ол жаққа қарасаң діндарлар біреуді бауыздап, кесілген басты көтеріп, «Аллаһу акбарлап» жатады. Ана қанішердің Алланың құлы екені де, мұсылмандығы да өтірік. Обалды қазақтан садаға кетсін! Сонда оны жарнамалаушыныкі не ой, тұтас мемлекетті үрейде ұстау саясаты ма? Қорқыныштан көзі атыздай болған халыққа обал емес пе? Әлде автомат асынып, қанжарын жалаңдатқан қабасақалдан қорықпағандардың обалы, сұрауы жоқ па? Сол үрей шоғын үрлеушілер артынша «Көрдің бе, бәрін сап бастым» деп билік алдында адал питбульдей арсалаңдайды. Бірақ көздері қорқынышты. Қан исін сезген питбульдің қалай өзгеріп шыға келетіні баршаға аян....
Әлде жердің обалы жоқ шығар, ел босақа шулаған болар? Мысалы, ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында қазақ даласына арып-ашыған көп ұлттар келді. Солардың бәріне «Обал болады» деген бір ауыз сөздің күшімен қазақ қолындағысымен бөлісті, баласының аузынан жырып, бір тілім нанның жартысын, жалғыз құрттың тістемін соларға берді, аман алып қалды. Өсірді, өркендетті, көбейтті. Ортада жарты ғасырдан аса уақыт өткенде қазақ «Жеріме обал болады» деп еді әлгілердің ешбірі үн қатпады. Бұл олар жетпеген рухани дәреже, немесе, олардың қазақтың «обалында» еш шаруалары жоқ? Қазақты тым «синтиментальный» санайды. Бірақ сол синтиментальность болмаса біз қайда болар едік,- деп ойлай ма? Бұл да көкейде жүрер сұрақ. Заманында соларды асырау үшін нанын берген анасы сүтке жарытпай, аш өзегіне түсіп, көз жұмған қарагөз сәбидің обалы ше? Мұным саудаласу, жазғыру емес, тек «обалдың» анықтамасын іздеу ғана... Мүмкін осы пайымыммен біреулердің обалына қалып отырған шығармын... Онда кешірім өтінем.
Көлік жүрісін баяулатты, жол жиегіне тоқтады. Қауіпсіздік белдігін ағытып Досекең сыртқа шықты. Ауыр ойлардан әрең арылған мен де түстім. Кеудемізді керіп кең
тыныс алдық. Қызғалдақ, сарыбасы қалың өсіп, кілемдей құлпырған, мысыққұйрығы желмен тербеліп, теңіздей толқытқан дала ерекше сұлу. Мен жерден жас жусан жұлып, құмарлана иіскедім. Досан зорлана езу тартты:
-Обал, ә?
Басымды изедім. Обал екенін түсінемін, бірақ, кімге обал, неге обал, не үшін обал, қандай обал екенін айтып, ұқтырып бере алмаймын. Досан да толық түсіндіре алмады. Әйтеуір, обал! Тоқсан тарау жолдан ұлтын адастырмай, сан ғасырлар тұтас болмысын «обал» деген жалғыз ауыз сөзбен сақтап келген бабаларымыздың ұғымын түйсінген, қазаққа қазақтың «обалының» мән-мағынасын айтып, ұқтыратын біреу қалды ма өзі бұл Қазақстанда?! Ешкімнің, ештеңенің обалына қалмай өмір сүруге бола ма?!

                                                                                                                             Серік Әбікенұлы

"ЖЕГІ" кітабынан

Пікірлер