Мұхтар Тайжанды неге полиция алып кетті?

2456
Adyrna.kz Telegram

Белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан бүгін Фейсбук желісінде барша ұлтшылдарды бірігуге шақырған болатын. Осыған дейінгі өкпе-ренішті ұмытып, тізе қосып еңбек етейік дей келе, бүгін кешкі 19:00-де Алматы қаласындағы «Астана» қонақ үйінде күтетінін айтты. Соңғы жылдары қырғи-қабақ болып жүрген Геройхан Қыстаубаевты да арнайылап шақырғанын жазған. Бірақ, ұлтшылдардың басы бұл жолы да біріге алмады. Дұрысы, біріктірмеді деуге болар. Мұхтар Тайжанды Алматы қалалық Ішкі Істер Басқармасына алып кетіпті.

Бұл туралы нақты ақпарат білу мақсатында Геройхан Қыстаубаевқа хабарласып едік, жиын болатын жерден қайтып бара жатқанын жеткізді. «Мен барғанда 10 шақты адам жүр екен.  Ішінен Еркін Рақышевты ғана таныдым.  10-15 минуттан кейін бізге Мұхтарды полиция алып кеткенін айтты.  Егер бұл Мұхтар орындаған кезекті спектакль болатын болса, онда қоюшы режиссері мықты екен. Мұхтар Тайжанды мен бұрыннан білемін. Ол жігіттің өзі бұндай бастамаға бара қоятынына сенбеймін. Оған тапсырма берілген сияқты. Мұхтарды менен артық ешкім білмейді деуге болар. Сондықтан бұл кезекті қойылым ба деп күмәнданып тұрмын. Егер ол шын ниетімен жұмыс істеймін десе, құшақ жая қарсы алуға дайынмын» деген Геройхан Қыстаубаев бір үміт, бір күдікте тұрғанын жасырмады.

Біз төменде Мұхтар Тайжанның парақшасындағы жазбасын қаз қалпында жариялап отырмыз.

ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ПАТРИОТТАРЫ!

Шыны керек, бір бірімізге деген өкпе-реніштеріміз бар, жоқ емес, қайтейік енді, бәріміз пендеміз ғой. Өмір сондай, адамдар пенде болған соң арасында кейде түсініспеушілік бола береді. Бірақ ол жеке бастың ғана шаруасы деп есептеймін. Ал дәл қазір ұлттық дәрежедегі қайғы оқиға пайда болды. Тағы да қазақ баласы - Рахымжан ініміз Жансеит - Қарағандыда қаза тапты, иманды болсын, жатқан жері жайлы болсын. Маловодный, Шеңгелді, Шымкент облысында дәл сондай қайғы, ауыр оқиғалар бәріміздің есімізде.

Қашанға дейін бұндай оқиғалар қайтала береді? Бұндай оқиғалар қайталанбас үшін бүгінгі таңда не істеуміз керек? Қолымыздан біраз нәрселер келеді, себебі бұл елдің иесі бізбіз, жауапкершілік біздің мойымызда. Балаларға қандай ел қалдырып кетеміз? Олар да бұл пробемалармен өмір сүру керек пе не?

Бабаларымыз ұлттық жағдай пайда болғанда жеке реніштерін қойып біріктіретін, бірге жиналып ақылдасатын. Біз де сөйтейік! Менің ұсынысым - әр қалада ұлтшылдар бүгін кешке жиналып ақылдассын. Басқаларға да, билікке де қазақтың ыңтымағын көрсетейік!

Неге басқа ұлттардың кей өкілдері құтырып қазақтың баласын пышақтап өлтіреді? Меніңше бұл жерде мемлекеттің ұлттық саясаты бұрыс, біз бәріміз жұмылып бұны өзгерту тиіспіз. Қалай болса да, ақылдасатын жайымыз көп.

Мен өз басым ертең кешке қарай Астанаға кетем. Бірақ оның алдында,

ҚҰРМЕТТІ ҰЛТЖАНДЫ АҒА-ІНІЛЕРІМ, ӘПКЕ-ҚАРЫНДАСТАРЫМ АҚЫЛДАСУ ЖИЫНҒА БҮГІН 08.01.2019. САҒАТ 19.00 ШЫН ЖҮРЕКТЕН ШАҚЫРАМ!

ЖИЫН ӨТЕТІН ОРНЫ: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ, БАЙТҰРСЫНОВ 113, СӘТБАЕВ ҚИЫЛЫСЫ, АСТАНА ҚОНАҚ ҮЙІ, ҚҰРЫЛТАЙ ЗАЛЫ,
МЕНІҢ ТЕЛ 8-7772552266

P.S. Банымда 7-8 адам болған еді, қазір түгелін босатып жіберем. Қарым қатынасым күрделі болған соң Геройхан Қыстаубаев, Серікжан Мәмбеталин, Рысбек Сәрсенбай ұлтжанды әріптестерімді арнайы бөлек шақырып отырмын!

Баршаңызға есік ашық, журналистер, орган адамдары да келіңіздер, тыңдаңыздар, айналып келгенде сендер де қазақ баласыңдар.

КЕЛІҢІЗДЕР, ЖАЛПЫ ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕДЕ БІРГЕ БОЛАЙЫҚ, АРДАҚТЫ АҒАЙЫН!

Оңғар Қабден

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер