"Қазақтарға "нацист, фашиссіңдер" деген Динара кафесі әлі дөрекілік көрсетіп жатыр" - Бэлла Орынбетова

3944
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласында ораласқан "Динара" кафесіне қатысты шу шыққаны белгілі. Кейін қазақша мәзір сұрағандарға "нацист, фашистсің" деген қызметкер миығынан күліп отырып, кешірім сұраған болды. Шындығында, кешірім сұрамапты. Қазақтарға дөрекілік әлі жалғасып жатыр. Бұл жайды журналист Бэлла Орынбетова кеңінен жазды. Автордың айтуынша, кафеге барған қазақтарға дөрекілік әлі көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Журналист Бэлла Орынбетова қазақ тілінің қысым көргеніне қатысты кеңінен жазды:
- Жағдайдың қалай болғанын қысқаша айтып өтейін...  Aigerim Kussaiynkyzy, Kamila Muller, Айнұр Садырбай және тағы бірнеше адам Динара кафесіне барады. Қазақша мәзір сұрағаны үшін администраторы фашистер, нацистер, кетіңдер әйтпесе қазір полиция шақырамын деп қорқытады. Сөйтіп бірнеше минуттан соң қару асынған күзет қызметі (ГБР жеке күзет қызметі) келеді. Кафе әкімшілігі бір топ адам шу шығарып, маңызды, қадірлі қонақтардың шырқын бұзды деген екен. Кафе қызметкерлерінің бұл әрекеті Әйгерімдерді одан әрі ашуландырады. Олар өздерінің тұтынушы, Қазақстан Азаматы құқығының бұзылғанына байланысты Алмалы ауданының учаскелік полициясын шақырады. Полиция келген соң ҚР Қылмыстық Кодексiнің 174-бабындағы әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша арыз жазып, қылмыстық іс қозғайын сұрайды.
Дегенмен қазақ тіліне күл шашып жатқанда құқық қорғау органдағы "қағанағы қарық, сағанағы сарық" болып отыра береді. Журналист бұған қатысты бұлай дейді:
- Алайда кейін 6 күні полиция департаментінен хат келіп, қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ дейді. Яғни полиция "фашист, нацист" сөздерінен еш қорлық көрмеген, қылмыстық құрам жоқ деп таныған. 6 ақпан күні Айнұр Садырбаева ҚР Қылмыстық кодексінің 145-бабы адамның және азаматтың тең құқықтылығын бұзу бойынша тағы да полиция департаментіне арыз жазады. Жауап көп күттірмейді. Тағы да қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ.
Қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұраған белсенділерге, қылмыстық емес, әкімшілік іс бойынша шағым жаза аласыздар деген екен полиция департаментінде. Қазақ тілінде қызмет көрсетпеген, конституциялық құқын талап еткендерді фашист деп қорлағандар неге жазасыз қалуы керек? Оқиға болған күні 2GIS –те елуден астам адам Динара кафесіне қатысты негатив пікірін жазды, тіпті көрші үстелде отырған орыс келіншек те жағдайды өз көзімен көріп, адамдарды дискриминациялайтын кафеге енді келмеймін пікір қалдырған екен. 2GIS модераторлары тып-типыл етіпті. Бұл жағдайда қоғамдағы әділет, тәртіп, заңның кепілі болатын органдар міз бақпаса, қоғам болып бұл жағдайдың қайталанбауына ықпал етуіміз керек.
Сөз соңында автор бүгінгі "Динараның" кешегі "Динара" кафесінің ұстанымынан сынық сүйем алға баспағанын, қазаққа дөрекілік танытуын жалғастырып жатқанын жазады. Кешірім сұрағанын көзбояушы жалғандыққа балап:
- Оқиға болған соң кафе администраторының кешірім сұраған видеосы (кімнен сұрағаны белгісіз, кафенің құрметті қонақтары ма, әлде өзі балағаттаған адамдардан ба түсініксіз) тарады. Алайда "Динара" кафесіне барып жатқан таныстарымыз қазақша мәзірдің әлі жоқ екенін, қазақша мәзір сұрағанда қызметкерлер дөрекі жауап беріп жатқанын айтады, - деді Бэлла Орынбетова.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер