Отбасылық құндылықтар – қоғам айнасы

2353
Adyrna.kz Telegram

ХХ-ХХІ ғасырдың басында отбасы мен ата-ана құндылықтарын насихаттайтын медиа-жобалар кәсіби редакциялардың немесе бейінді коммерциялық емес ұйымдардың қолдауымен шығарылды. Бірақ бүгінгі күні диджитализация жағдайында бұл мәселелер мен тақырыптар кәсіби емес, блогерлер қауымдастығымен көтеріле бастады.

Интернет желісінің әртүрлі алаңдарында дербес пікірлер тарала бастады. Дегенмен, мұндай еркін ақпарат тарату отбасылық блогтардың функционалды бағытын анықтау, отбасы және ата-ана тақырыбындағы пайдаланушы ресурстарын типологиялау маңызды зерттеу болып табылатындығын түсіндірді. Дәстүрлі отбасы және ата-ана БАҚ-тағы гендерлік-рөлдік әлеуметтенудің маңызды арнасы болып табылады, сондықтан, заманауи баспасөзде қайталанатын медиа-мазмұн дәстүрлі баспасөзге әсер етуі мүмкін.

Жаңа Қазақ елі үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Отбасы - барлық рөлдері бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі. Демек, отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді сіңіретін ол - отбасы. Осы тұрғыдан отбасыны ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.
Ұлттық құндылығымыздың бастауы – тіліміз.

Тіл жоқ жерде ұлт та жоғалады. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген асыл қазынамыз – ұлттық тіліміз, мемлекеттігіміздің тұлғасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Аңызақ желге, сылдырлап аққан бұлақ суына құлақ тоссаң, бабалар үнін естисің, қобыз бен домбыра күйіне құлақ салсаң тағы да бабалар үнін естисің. Тіл арқылы тереңде жатқан тарихтың тағылымын, мәдениеттің, әдебиеттің ұлағатын танисың. Тіл – ар өлшемі. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса тілге құрметпен қарау – рухы мықты, өткенімізді саралап, болашағымызды болжай білетін ұрпақ тәрбиелеу. Қазірде ұлттық арналардың көп бөлігі қазақ тілінң мәртебесін көтеруге жұмыс жасауда. Қазақша кинолар, қазақша бағдарламалар, қазақша ертегілер көбеюде. Бұл әрине қуантарлық жайт. Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. «Ел боламын десең,бесігіңді түзе»деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді. Дегенмен, бұл түсінікті «Ел болам десең, эфиріңді түзе» деп өзгерткеніміз де тегіннен емес. Себебі, қазір отбасының бастауы-баланың тәрбиеленетін ортасы интернет, теледидар, әлекэуметтік желілер. Сондықтан, отбасылық құндылықтардың осы порталдарда дәріптелуі аса маңызды. Себебі, ойының бұғанасы қатпаған балалар гендердік саясатқа еліктеп ерте адасуда. Сол мақсатта, әрбір ақпараттық жүйе басшылықпен қадағалануы тиіс деп ойлаймын. Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылықтар балада ұлттық таным арқылы жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын азамат бола алады.

Ал соңғы кездері БАҚ-тарда отбасылық дәстүрлері туралы өте көп айтылып жүр. Ұлы Абай атамыз «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан» деген екен. Ал қазірде сол мінездің 90 пайызы әлеуметтік желілерден, интернет көздерінен дарып жатқандай. Сондықтан, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ. Тұғыры берік елдің отбасы да берік болады, отбасы қазығы нық қағылса, шаңырағы берік тәрбиеленер ұрпағы да өнегелі болмақ дегім келеді.

Пікірлер