Ақтөбелік Жандарбек Әбішев екі адамды құтқарып қалды

1762
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе қаласында тұратын  түрме қызметкері Жандарбек Әбішев екі адамды құтқарып қалды. Құтқарушы келемін дегенше көрші үйдің иесі әйелі мен енесін пышақтап үлгеріпті.

«Мектеп оқушысы өзі мен отбасына қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұраған кезде әріптесіміз Жандарбек Әбішев әйеліне дереу полиция мен жедел жәрдем шақыруды тапсырып, өзі оқиға орнына барады. Әйелін ұрып-соғып, кейін пышақтаған көршісін көріп, бірден оның қолындағы суық қаруын тартып алды. Қолын қайырып, далаға алып шыққан кезде полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем де жетті. Күдікті С.Мырзабеков ұсталды», - деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аға инспекторы Айнұр Табуктинова.

ҚАЖ департаментінің хабарлауынша отбасындағы ұрыс-керіс төбелеске ұласып, 37 жастағы әйел мен 58 жастағы оның анасы пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Екеуі де бірнеше пышақ жарақатын алып, ем қабылдап жатыр. «Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің КА-168/3 мекемесі өз қызметкерінің бейжай қарамай, жедел көмек көрсеткенін үлгі етеді. Ол екі адамды ажал аузынан аман алып қалды», - деді Айнұр Табуктинова.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

Пікірлер