"Құтты қазақтың ошағы Отпан тауда от тұтанған күн!" - Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланып жатыр

2456
Adyrna.kz Telegram
Ұлттық Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланып жатыр. Киіз туырлықты, қарға тамырлы қазақтың киелі ошағы - Отпан тауда  "Бірлік оты" тұтанды, деп сүйіншілейді "Адырна" ұлттық порталы. 
Отпан тауда тұтанған алау жайлы "Mangystau Media" хабарлады.
- Маңғыстауда Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойлануда. Маңғыстау халқының көпшілігі жыл сайын Амал мейрамын Отпан тауда қарсы алады. Адай ата ұрпақтары әр жылда бір-біріне эстафета жалғап, кезегімен ұйымдастыратын үлгілі үрдіске айналды.
Сол үрдіс бойынша бүгін Отпантауда “Бірлік оты” жағылды. Екі күнге жалғасқан шараның қызығы ертең, 14 наурызда басталады, - деп жазды агенттік.
Амал мерекесін Қазақ халқы ерекше сипатта қарсы алады. Ақын Сабыр Адай Көрісу күнінің құндылығы жайлы:
 «Туысқа туыс ерген күн,
Кербездеп кеуде керген күн.
Бірлігін көріп халықтың,
Отпан тау төрін берген күн», - деп татулық туын биіктеткен Амал мерекесінің тағылымын жырға қосқан.
Амал мерекесінің маңызын еселеп, мәнін ашқан халықаралық деңгейдегі игі бастама аясында театрланған қойылым, концерттік бағдарлама, көкпар шабу, аламан бәйге, өзге де шараларды тамашалай аласыздар.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер