Ғылым салаларының тоқырауы мен дамуы

1866
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары Қазақстан ғылымының дамуына елеулі ықпал еткен заңнамалық нормалар қабылданды және енгізілді. Бұлардың қатарына ғалымдардың жалақысын едәуір арттыру, оларға жағдай жасау, зерттеулерді қаржыландыруды ұлғайту, жаңа жабдықтар сатып алу және басқа да қолдау шаралары кіреді.
Алдымен тарихқа шолу жасайық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғылым саласы барлық посткеңестік республикалар сияқты өте ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Кеңестік кезеңнің ең күшті ғылыми әлеуеті болып саналған ғылыми мектептер, жаңалықтар, жемісті нәтижелер ХХ ғасыр 90-жылдарынан кейін өз ұстамын да, тұрақтылығын да жоғалтып алды, үлкен мәселелердің тұзағына түсті. Әсіресе, ғылыми жұмыстарды қаржыландыру, олардың кемуі, қызметкерлерге сұраныс күрт азайды. Оған дәлел, қаншама жыл аты дүркіреп тұрған институттар жабылып, аман қалғандарының техникалық базасының деңгейі төмендеп, зерттеу шарттары нашарлай түсті. Ал оның нәтижесінде осы саладағы мамандар қысқарып, тіпті азайды. Статистикаға сүйенсек, мысалы, 1991-2000 жылдары Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің саны бірден екі есеге, яғни 27,6 мыңнан 14,8 мыңға дейін қысқарған.

2011 жылы ҚР "Ғылым туралы" заңы қабылданды. Әлемдегі ең озық тәжірибелер мен жағдайларды үлгі ете отырып, ғылымды басқарудың және реттеудің су жаңа моделі ұсынылды. Шетелдік сарапшыларды осы салаға тарта отырып, ғылымды қаржыландыру мәселелерін, сондай-ақ білім мен ғылым үйретуді интеграциялау, ЖОО сапасын арттыру, осы саланың экономикамен байланысын нығайту сияқты реформалар қолға алынды. Бұл жұмыс 2015 жылы қабылданған "Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" ҚР Заңы негізінде жүзеге асты. Ол бойынша ғылыми зерттеу мен идеяларды жүзеге асырудың жаңа тетіктерін дайындауға, оларды өндіріске енгізу жұмыстарын қамтамасыз етуге бағытталған. Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан ғалымдары халықаралық деректер базасына қол жеткізуін қамтамасыз ететін ірі әрі күрделі жұмыстар жүргізілді. Оның нәтижесінде ғалымдардың жарияланым белсенділігі бірнеше есе арта түскен. 2015-2019 жылдары олардың саны 14 852 бірлікті құраған. Әлемдегі рейтинг бойынша 214 елдің ішінде 75-орынға жайғастық. 2011 жылы 101-орынды иелендік.

Барлық қабылданған және қолға алынған шаралар ғылым саласындағы мамандарды ынталандыруға мүмкіндік берді. Әсіресе, қаржыландыруды арттыру, оның гранттық, базалық және бағдарламалық-мақсатты 3 нысанын енгізу, халықаралық байланыс пен ынтымақтастықты кеңейту, ең танымал ғылыми орталықтармен бірлесіп жұмыс жүргізу, зерттеу университеттерін көптеп ашуға әкелді.

PhD докторантурадағы жаңа бағдарламалар төңірегінде жас ғылыми кадрларды даярлауға 2 мың грант, шетелдік ғылыми саладағы тағылымалар саны, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашақ" бағдарламасы бойынша артты. Қазақстан ғалымдарының материалдық мәселелері де шешілді. Әлеуметтік қолдау жобасымен пәтер берілді, докторанттардың шәкіртағы мөлшері 80%-ға көбейді, Әл-Фараби атындағы техника және ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар, әртүрлі ғылым салалары бойынша атаулы сыйлықтар беріліп отырды.

Көп жылдар бойы ғылым саласындағы маңызды мәселе ғалымдардың тұрақсыз және төмен жалақысы болды. Олар үш жылда бір рет өтетін байқауда жеңіске жеткен жағдайда ғана жұмыс істейтін және жалақы алатын.

2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені құрады. Бұл елдегі орташа жалақының 72%-ын құрайды. Ал іргелі ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдардың тұрақты жалақысы болған да жоқ. Бұл мәселе он жылдан астам уақыт бойы көтеріліп келді. Қаражат болса да, олар ғалымға берілмес еді, өйткені заңда ақша тек конкурстық түрде төленуі керек деген бап болған. Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы 2022 жылы өткен баспасөз брифингінде баяндаған болатын.
Өткен жылы Мемлекет басшысы бұл жағдайды өзгертуді тапсырды. Нәтижесінде 74 ғылыми ұйымда және 10 мемлекеттік органда жұмыс істейтін 1200 ғалым 2022 жылдан бастап конкурстан тыс тұрақты ай сайынғы жалақы ала бастады. Іргелі зерттеулермен айналысатын төрт мың ғалымға жалақы төленеді, сондай-ақ ғылыми жұмысқа, қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлінеді. Бұл ретте ғалымдардың орташа жалақысы өсті. Егер бұрын ол 152 мың теңгені құраса, бүгінде 257 мың теңгеге және 1,5 миллион теңгеге дейін артқан.
Осындай оң өзгерістердің нәтижесінде салаға жас қызметкерлер көбірек келе бастады. Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, жас ғалымдардың саны мың адамға артқан. Егер 2018 жылы олардың саны 8 000-ға жуық болса, 2021 жылы ғылым саласында 9 200 жас қызметкер еңбек етті. Қазақстанда барлығы 396 ғылыми ұйым жұмыс істейді, онда 22 665 адам қызмет атқарады. 2025 жылға дейін олардың саны 1,5 есеге артып, 34-35 мың адамды құрайды деп жоспарлануда.

Ғылым комитетінің төрағасы 2016 жылдан бері елімізде 150-ден астам жоба іске асырылып жатқанын, оның 120-сы сату кезеңіне жеткенін хабарлады. Инновациялық өнімді сатудан түскен жалпы табыс 16 млрд теңгеден асты. Бұл 1400-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Отандық жобалар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Қытай, Ресей, Түркия, Чехияда нарыққа шығады. Сонымен қатар
"Жастардың ғылыми салаға келуі артқандықтан оларға жасалатын жағдайлар жақсара түсті. Бұл мемлекет қабылдаған жас зерттеушілерді қолдау шараларының нәтижесінде мүмкін болды. Соңғы 2 жылда ғылымды бюджеттен қаржыландыру 2 есеге жуық өсті. Ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Егер бұрын гранттық конкурстар 3-5 жылда бір рет өткізілсе, қазір олар жыл сайын өткізіледі. Есептілік төмендетілді, бюрократиялық кедергілер алынып тасталды. Жас ғалымдар үшін жекелеген гранттар көзделген, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары едәуір ұлғайтылды. Жас зерттеушілерге арнайы сыйлықтар тағайындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Осылайша, жас ғалымдардың ғылыми идеялары мен әлеуетін іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалуда" - деп комитет төрағасы осы саладағы ең жақсы жаңалықтарымен бөлісті.

Ғылымды қажетсінетін қазақстандық өнімнің экспорты қазірдің өзінде 350 млн теңгеге жүзеге асырылды. Ал біздің 30-дан астам ғалым шамамен 340 млн теңгеге авторлық сыйақы алатын көрінеді.
Ғылым комитеті салада өзінің батыл ғылыми идеяларын жүзеге асыра алатын жас ғалымдар үшін тартымды болуы үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. Осылайша, 2021 жылы ҚР БҒМ "үздік ғылыми қызметкер" байқауын өткізді, оның қорытындысы бойынша 50 жеңімпаз 6 млн теңгеден алды. Сонымен қатар, докторанттардың стипендиялары 2019 жылы 82 мың теңгеден биыл 195 мың теңгеге дейін өсті.

Өткен жылы Мемлекет басшысы докторлық дәрежесін қорғаған гранттық докторантура түлектеріне арналған "Жас ғалым" жобасы бойынша мың грант бөлуді тапсырды. Ұлттық Ғалым кеңесі мақұлдаған жағдайда ғалымға үш жыл ішінде кемінде 500 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы жалақы беруге болады.

Жобаға 2013 жылдан кейін жұмысын қорғаған шетелде тұратын отандық ғалымдар да қатыса алады. Ол елге келіп, жоба аясында өзінің ғылыми жұмысын жаза алады. Олар осы грантқа өтініш беріп, докторлық дәрежесін бір жыл ішінде қорғауы керек. Алдағы екі жылда олар жоба аясында белсенді жұмыс істемек. "Жас ғалым" жобасының түпкі мақсаты - жыл сайын ғылыми дәрежесі бар немесе алдағы 12 айда ғылыми дәреже алуды жоспарлап отырған кемінде мың адамды ғылыми ұйымдарға тарту. Бұл осындай мотивациялық жоба.
Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасы бойынша 500 ғалым жыл сайын әлемнің үздік ғылыми орталықтарында тегін тағылымдамадан өте алады. Биылғы жылы ғылымды қаржыландыру өткен жылдармен салыстырғанда 70%-ға өскен.
Комитет төрағасының айтуынша, әлемдік тәжірибеде ірі мемлекеттер ғылымға ЖІӨ-нің 4,5% мөлшерінде қаражат салады. ДДҰ академиялық кеңесі егер ғылымға бөлінетін қаражат ЖІӨ-нің 1,5%-дан асатын болса, онда ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге жетеді деп санайды.

Бүгін де Қазақстандағы ғылым саласының алдында бірнеше міндеттер тұр: іргелі зерттеулер жүргізу - бұл теориялық бөлім, екіншісі – технологияларды әзірлеу, содан кейін оларды тиісті салаға енгізу, төртіншісі - коммерцияландыру. Мақсат бар, ниет түзу, қадамдар жасалуда, енді тек жақсы нәтижеге қол жеткізетінімізге сенуіміз керек.

Пікірлер