"Базарды ескертпей сатып жіберген": Алматыда "Еуразия" сауда үйінің иесіне іздеу жарияланды

1991
Adyrna.kz Telegram

Алматыда барахолкада орналасқан "Еуразия" сауда үйінің құрылтайшысы ешқандай ескертусіз сауда орындарын сатып жіберген. Салдарынан 60-қа жуық адам табыс көзінен айырылуы мүмкін. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро"бағдарламасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Енді кәсіпкерлер құқық қорғаушылардың әрекетсіздік танытқанына наразы. Сөздерінше, тергеу ұзаққа созылып кеткен 

"Еуразия" сауда үйінің орнында ашық базар болған, алайда ол 2014 жылы өртеніп кеткен еді. Бұл жағдайдан кейін сауда үйінің иесі кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, ғимарат салған. Ал әр кәсіпкер кем дегенде 50 мың доллар ақша салып, бутикке иелік ететінін дәлелдейтін клубтық карта алыпты. Алайда 2022 жылы өздеріне ештеңе тиесілі емес екенін көрсететін хат алған. 

"Әрине, аң-таң болдым. Себебі жер телімін жалға алу мерзімі бар, ал мерзім жыл сайын жаңартылып, 31 желтоқсанда аяқталады. Енді бізге ескертпе жіберіпті, мұнда "Еуразия" ЖШС иесінің бізбен келісімшартты бұзатыны айтылған", – деді зардап шеккен кәсіпкерлердің бірі Шахризада Палтушева. 

Кейінірек құрылтайшының саудагерлерге ескертпей нысанды 2022 жылдың сәуірінде сатып жібергені мәлім болды. Енді жаңа құрылтайшы кәсіпкерлерді қосалқы жалгерлік бойынша келісім жасауға мәжбүрлеген. 

"Біз өз күшімізбен меншік иесі құқығы жарты жыл ішінде тоғыз адамға өткенін білдік. Мұны не үшін істейді? Себебі бағаны түсіргісі келеді. Ғимараттың өзі 5 миллиард теңге тұрады, ал олар келісімшартты 150 миллион теңгеге жасаған", – дейді адвокат Тахир Мадатов. 

Кәсіпкерлер желтоқсанда арыз түсіргенімен, тек 3 айдан соң ғана жәбірленуші деп танылған. Оның үстіне күдіктілер әлі тергелмеген, салық тексерісі жүргізілмеген дейді. Қазір істі Алматы қаласы Алатау ауданының полициясы тергеп жатыр. 

"Бүгінгі таңда аудан прокуратурасының көмегімен О. есімді азаматқа халықаралық іздеу жариялау мәселесі шешіліп жатыр", – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Саудагерлер тергеудің әділ жүріп, өз құқықтары қорғалғанын талап етіп отыр.

Пікірлер