Ақмола облысында алтын өндіретін компанияның 1200-ден астам қызметкері жұмыстан шығарылған

2252
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Ақмола облысындағы Бестөбе кенті "Алтын алмас" компаниясында дау туды. Оның 1200 қызметкері жұмыстан шығарылған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Информбюро жаңалықтарының мәліметінше,  кен орны жұмысын 2021 жылдың шілдесінде тоқтатқан. Ол кезде компания өңделген өнімді сақтайтын қойма жоқ, шахтаның ішін су алды деп сылтауратқан көрінеді

Компания тұрғындарды алтынды ашық әдіспен өндіруге көндіргісі келген. Алайда жарылыс салдарынан тұрғын үйлер қирайды деп халық келіспегенін айтады.

Сөйтіп кен орны 29 наурызда мыңнан астам адамға бір айдың ішінде толығымен қысқартылатыны туралы хабарлама жіберіп, Бестөбе кентіндегі жұмыстың аяқталатынын жеткізген.

“Біздер "Қазақалтынмен" жұмыс істегенде бәрі жақсы болды. Айғай да, шу да  болған жоқ. “Алтын алмас” келгелі басталды. 2 жыл жұмыссыз отырдық. Ақшасын төледі. Енді келіп әрбір адамды қысқартуға жіберіп отыр. Сол себепті айқай-шу бастап жатырмыз”, - дейді Бестөбе кен орнының жұмысшысы Майдан Ахметов.

Кеншілер наразылықтарын айту үшін облыс әкімінің келуін талап еткен. Алайда, кеше олармен Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов пен облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, "Қазақалтынтың" бас директоры Рустем Қаракесов және астаналық инвестор кездесті. Жұмысшы халық биліктегілерге бірнеше талаптарын айтты. 

“Жұмыс орнының сақталуын талап етеміз. Екіншісі, шахтадан судың сыртқа шығарылуын талап етеміз. Жаңа инвесторға рудник өткенге дейін орташа жалақы беріп тұруын талап етеміз. Бестөбе кентіне аудит жүргізу үшін потенциалды инвесторларды жіберу керек”, – дейді Бестөбе кен орнының кеншісі Ербол Шаимов.

Ал "Алтын  алмас" компаниясына қарасты "Қазақалтын" серіктестігінің бас директоры жұмысшыларды қысқарту жөнінде қаңтар айында ескерткенбіз дейді. Әрі жұмыссыз қалған кеншілерді компанияның өзге де кен орындарына жұмысқа шақырған.

“30 қаңтарда жұмысшыларды қысқартатынымыз жайында алдын ала хат жіберілді. Сіздердің кәсіподақ өкілдеріңіз екі ай бұрын бұл хатты алды. Аталған хатқа қатысты барлық ескертулер 5 күн ішінде жіберілуі керек еді. 5 күннің ішінде сіздердің тараптан ешқандай хат, жауап келмеді”, – дейді "Қазақалтын" ЖШС Бас директоры Рүстем Қаракесов. 

Дегенмен, бір тоқтамға келе алмаған кеншілер премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың келуін талап етті. Жұмысшылармен кездесіп, мәселенің нүктесін қоюға индустрия және инфрақұрылым вице-министрі Иран Шахран келген. Ведомство өкілі кен өндіру компаниясымен келісімге келіп, жұмыстан қысқарту мерзімін маусымға дейін шегерді. Осы уақыт аралығында жол картасы дайындалып, кен орны жаңа инвесторға немесе үкіметке өтетін айтты. 

Пікірлер