Мәжіліс депутаты Петропавлда Қазақстаннан бөлінуге әрекеттенгендерді жауапқа тартуды талап етті

3164
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Петропавлда болған жағдайды қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ол депутатық сауалын Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловқа, ҰҚК төрағасы Ермек Сағынбаевқа жолдады.

"19 наурызда Петропавлда 19 сепаратист «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, Қазақстан Тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары «қылмыстық іс қозғалды» деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген? Қылмыстық кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист түк болмағандай  үйлерінде отыр. Ал сепаратизм қаупін алдын ала сезіп, батыл қарсы шығып күрескен Марғұлан Боранбай 3 жылдан бері тас түрмеде отыр...», - деді депутат Қазыбек Иса.

Оның пікірінше, қазір ұлтшылдықпен емес, ұлтсыздықпен күресетін кез. Сондай-ақ Петропавл мен Павлодар қалаларының тарихи атауын да қайтару керек.

«Бос жатқан жер жау шақырады» деген. Кең байтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз – шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, Солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен  толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді! Өзіміз, өз билігіміз қала көшелерінен Тәуелсіздік атын алып тастаса Тәуелсіздік қадірін жат қайдан ұқсын? Бұған кінәлі әкімдер былқ етпей орындарында әлі отыр…», - деді депутат.

Айта кетейік, 19 наурыз күні Петропавл қаласында бір топ белсенділер Қазақстаннан «тәуелсіз» болғысы келетінін жариялап, «Халық кеңесі» аталатын ұйым құрған болатын. Сол оқиғадан соң олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенділерді айыптады. Артынша, олардың кешірім сұраған бейнежазбасы пайда болды. Сөздерінше, түсінбестік болған және мұны Әблязовтың адамдары алауыздық тудыру үшін ұйымдастырды деп есептейді.

Пікірлер