Банктер мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырды

2163
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақытта қаржы алаяқтығының жаңа түрі пайда болды. Осыған орай, банк қызметкерлері мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, алаяқ қазақстандық немесе шетелдік нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Ол телефон байланысы қорғалмағанын айтып, WhatsApp немесе басқа мессенджер арқылы сөйлесуді ұсынады.

Чатта алаяқ банк қызметкерінің қолдан жасалған куәлігінің фотосын жіберіп,  қаражатыңызды біреулердің ұрлауға тырысып жатқанына сендіріп, оны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Бұдан кейін ақшаны алып, із жасырады.  

“Біз қазақстандық банктердің қызметкерлері телефон арқылы сөйлесу кезінде қаражатты ешқашан басқа шотқа аударуды ұсынбайтынын, құпиясөздер мен кодтарды сұрамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстандық банктердің қызметкерлері клиенттеріне ешқашан шетелдік нөмірден қоңырау шалмайды”,- дейді банк қызметкерлері.

Жаңа алаяқтық схемасы қалай пайда болды?

Әдетте алаяқтар  шетелде отырады. Бұрын арнайы интернет-сервистердің көмегімен шетелдік нөмірлерін қазақстандық нөмір сияқты көрсете алатын. Алайда қазақстандық байланыс операторлары нөмірді ауыстырып көрсету мүмкіндігіне шектеу жасады. Осылайша, алаяқтарға өздерін қазақстандықтар сияқты көрсете алуы қиындай түсті. Сондықтан олар шетелдік нөмірден қоңырау шалады. Олар шетелдік нөмірдің сенім ұялатпайтынын түсінеді, сондықтан аватарында танымал банктің логотипі көрсетілген, мессенджердегі «қорғалған чатта» жалғастыруды ұсынады.

Сонымен қата,  қаскөйлер бұған дейін белгілі болған алаяқтық түрлерін де қолдануды жалғастыруда.

Алаяққа алданбас үшін не істеу керек?

1. Сөйлесуді бірден тоқтатыңыз (Өзіңіз қызметін тұтынатын банктің колл-орталығына қоңырау шалып, күдікті қоңырау туралы хабарлап, шоттарыңыздың тұтастығына көз жеткізуге болады);

2. СМС хабарлама арқылы келген құпия кодтарды, интернет-банктегі жеке кабинетіңіздегі құпиясөзді ешқашан, ешкімге айтпаңыз;

3. Қоңырау шалғандардың өтінішімен басқа шоттарға қаражатыңызды аудармаңыз;

4. Олардың нұсқауымен бөгде мобильді қосымшаларды жүктеп алмаңыз;

5. Таныс емес адамар жіберген сілтемелерді ашпаңыз.

Бұл қаржылай қауіпсіздіктің қарапайым ережелері ғана, алаяқтардан сақтанып, қаражатыңыздан айырылып қалмауға мүмкіндік береді.

Пікірлер