Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасы әзірленді

2755
Adyrna.kz Telegram

Тіл саясаты комитеті “Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасын бекіту туралы” Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Құжат мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға тікелей ықпал етеді деп көрсетілген.

Тұжырымдаманың мақсатына қол жеткізу шеңберінде 13 негізгі нысаналы индикатор және 5 күтілетін нәтиже айқындалған.

2029 жылға қарай күтілетін негізгі нәтижелер:

  1. 84% – республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі;
  2. 32% – үш тілде сөйлейтін тұрғындардың үлесі;
  3. 15% – жаңа әліпби мен емле ережесін оқыту  курсымен қамтылған тұрғындар үлесі;
  4. 94% – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі;
  5. 40% – қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиінің емле ережесіне негізделген терминологиялық қордың үлесі (өсу қорытындысымен).

Тұжырымдама 6 бөлімнен және іс-қимыл жоспарынан тұрады.

Құжатта қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары қазақ әліпбиі мен емле ережесі тиісті нормативтік құжаттармен бекітілгеннен кейін кезең-кезеңімен іске асырылатыны жазылған.

“Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесінде келесі проблемалар бар:

- қазақ әліпбиі мен емле ережелері тиісті нормативтік құжаттармен бекітілмеді;

- кейбір ғалымдардың, қоғам мүшелерінің әліпби құрамындағы кейбір таңбаларға байланысты пікір алшақтығы бар;

- қоғамның тілдік әркелкілігіне байланысты латын әліпбиін енгізу ұзақ мерзімге созылуы мүмкін;

- латын әліпбиін енгізу төңірегінде БАҚ-та оны қабылдаудың жағымсыз тұстары жөнінде субьективті пікірлер көп”, - делінген тұжырымдамада.

Тұжырымдаманы талқылау 25 сәуірге дейін жалғасады.

Пікірлер