Жұмысшылардың еңбек дауы жазушыларды толғандыра ма?

2340
Adyrna.kz Telegram

Өткен аптада Жазушылар одағында 2023 жылдың Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Жиын соңында «Алаш» сыйлығының биылғы иегерлерінің бірі, ақын Рахат Қосбармақ сөз алып, Астанаға жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп барған жаңаөзендіктерге күш көрсеткен билікті сынады.

«Бүгін айтпай кетуге, аттап өтуге болмайтын бір жағдайды айтқым келіп тұр. Елде болып жатқан жағдайды 2-3 күннен бері естіп отырсыздар. Маңғыстауда, Жаңаөзенде, Ақтауда болып жатқан жұмысшылардың ереуілінен бәріңіз хабардарсыздар деп ойлаймын. Қарапайым халық Астанаға барып хақын сұрады. Нан сұраған жоқ, әділдік сұрап барды. Билік тапа-тал түсте тасырлатып ұрып, таяққа жығып, қол-аяғын қайырып, қораға қамады. Биліктің бұл ұрда-жық әрекетін мен нойыс-дөкерлік деп қатаң айыптаймын және осы айыптауға қазақ қаламгерлерінің қосылуын қалаймын», - деді ақын.

Сондай-ақ ол «Қанды қаңтар» оқиғасын еске алып, жазушылардың сен тимесең мен тиме әрекетін қатаң айыптады.

«Біздің атымызға осы кезге дейін ауыр сындар айтылып жатады. Кешегі «Қанды қаңтар» кезінде де аузын буған өгіздей болып, «сен тимесең мен тиме» деп, жапалақша жарбиып, басын тағы бұқпантайлап бұғып қалды деген сынды жиі естиміз. Ол сындар орынсыз емес деп есептеймін. Халықтың пікірі қашанда қандай қаламгерден де биік. Қай-қайсысыңыз да халықтың бір бөлшегісіздер. Сондықтан сіздерді қазақ қаламгерлерін атымызға, арымызға сын келтірмей, қашанда халық жағында болуға, әділдікті жақтауға, халыққа араша түсуге шақырамын. Қара халықтың қарапайым мәселесін шеше алмайтын болса, қаптаған министрлер мен депутаттардың қазаққа түкке де қажеті жоқ», - деп сөйледі Рахат Қосбармақ.

Жиналғандар арасында Рахат Қосбармақты қолдамайтындар да табылды. Ақын сөйлеп тұрғанда залдан «қосылмаймыз», «мынауың барып тұрған арандату ғой», - деп айқайлағандар болды.

Желідегі жұрт не дейді?

Мүсіркеп Әлімжанов деген желі қолданушысы «Өте дұрыс, ақын-жазушы бұқараның жағында болуы керек. Қарашаның сөзін сөйлеп, жыртысын жыртуы керек» деп пікір білдіріпті.

Ал ақын Ырысбек Дәбей өзінің желідегі парақшасында жазушы Рахат Қосбармақты қолдап пікір қалдырған.

«Қаламгерлер елдік мәселелерде ешқашан үнсіз қалмаған. Кешегі Жаңаөзендегі мәселеде де бей-жай қалмаймыз», - деп жазды ол.

Журналист Әмірболат Құсайынұлы «Жазушылар Одағы біраз жанды мүшелікке қабылдап, атақ-даңқпен көмкеріп тастапты» деп мысқылдады.

«Бұл кезекті шулы құрлытайдың алдындағы «ауызбастырық», дауыс жинауға жасалған қадам ба, әлде шын таланттарды тану, мүшелікке тарту ма?.. Ел, жер, тіл, өзгеде ұлттық мүддеге қатысты өзекті проблемалар туындап жатқанда одақтың атынан өткір-өткір пікір айтылса дейсің. Қайдам, «қарияда» әу дейтін хал қалмаған сияқты», - деп жазды Әмірболат.

«Ымырамен шешетін мәселені ырың-жырың қылуға болмайды»

Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінің директоры, ақын Бақыт Беделханның сөзінше, Рахат Қосбармақтың айтқаны одақтың атынан айтылған сөз.

«Мен Рахаттың қолын алдым. Сахнада тұрып ықыласымды білдірдім. «Алаш» сыйлығын алып отырып, нағыз Алаш азаматына лайық әңгіме айтты. Бұл бүкіл ақын-жазушылардың, одақтың атынан айтылған ортақ сөз деп есептеймін. Қашанғы бұғып жатамыз?! Жаңаөзендіктердің талабы өте орынды. Ымырамен шешетін мәселені ырың-жырыңға айналдыруға болмайды. Кезінде 1905 жылғы революцияның өзі заводтан басталған. Қарапайым жұмысшылардан. Кешегі «Қаңтар» оқиғасында да халықты осы әлеуметтік мәселе көшеге алып шықты. Сондықтан қарапайым жұмысшылармен, қара жұмыс істеп, қайыстай болып жүрген халықпен ойнауға болмайды», - дейді Бақыт Беделхан.

Ал жақында ғана Жазушылар одағындағы қызметінен кеткен Ақберен Елгезек қалай болғанда да халық жағындамын дейді.

«Билік ең алдымен халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, талдап мәселені халықтың пайдасына шешіп беруі керек. Халықты күштеп түрмеге тығатын, автозакқа тиеп, қой сияқты бір жерге алып барып тоғыту қазіргі кезеңнің дүниесі емес. Билік қалай болғанда да халықпен диалогқа баруы тиіс. Халықтың мүддесіне сай айтылған сөзді дені дұрыс адам қолдауы керек», - деді Ақберен Елгезек.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Маңғыстау облысынан жүздеген адам мұнай компаниясынан тұрақты жұмыс талап етіп, Астанаға барған. Олар энергетика министрлігі кеңсесі алдында түнеп, 11 сәуір күні де наразылықтарын жалғастырды. Алайда жаңаөзендіктерге министрлік тарапынан ешкім шықпады. Сол күні кешкісін полиция мен арнайы жасақ ереуілшілерді күштеп ұстап әкетті. Бірер сағаттан соң ереуіл көшбасшылары министрлік өкілдерімен кездесіп, талаптарын айтты. Олар көшеге шыққан халықты үйлеріне қайтуға шақырды. Мәселе Маңғыстауда «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен шешілетінін жеткізді. Ертесіне жаңаөзендіктер пойызбен үйлеріне қайтарылды.

Оралбай Мергенбайұлы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер