Отандық ғылымды кім дамытады?

2111
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья жастармен кездесті.

Негізгі талқы ғылымды жандандыру, жас ғалымдарды қолдау тақырыбында өрбіді. Академия президенті жастардың ұсынысы мен ғылымды дамытуға бағытталған жобаларға ашық екенін айтты.

Кездесуге келген ғылым докторлары, кандидаттар мен PhD, магистр дәрежесі бар түрлі саланың жас ғалымдары ғылымдағы мәселелерді тізіп берді. Сондай-ақ, саланы дамытуға арналған ұсыныстарды ортаға салды.

Ғылым бизнеспен етене жұмыс істеуі қажет. Жиында осындай пікір айтылды. Ғылым мен өндіріс қалашығы салынса, сонда ғалымдар шоғырланса қазақ өнеркәсібі мен өндірісі қарыштап дамиды делінді. Күн тәртібінде «Ғылым және технологиялық саясат» туралы әзірленіп жатқан заң тұр. Жаңа заңда академияның, оның ішінде жас ғалымдардың рөлі туралы айтылуы керек. Өйткені, Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстандағы ғалымдар саны еселеп қысқарған. 1991 жылы 40,8 мың адам болса, қазірде 22,6 мыңға жуық ғылым адамы бар екен.

Күнсұлу Закарья ғалымның қоғамдағы статусын көтеріп, ғылымды танытуға күш салу керегін еске салды. Осы арқылы елде жас ғалымдар саны артуы мүмкін. Ол тиісінше отандық өнімнің көбеюіне ықпал етеді.

«Ғылымға тың әрі айтулы өзгерісті жас буын алып келеді. Олардың ой-өрісі де, ойлау жүйесі де басқаша. Сондықтан бізге жас ғалымдар керек. Қазір жас ғалымдарды қолдауға бағытталған тұжырымдамаларды сараптап жатырмыз. Мақсатымыз бір – Қазақстанды ғылымы дамыған елге айналдыру. Осы мүдде үшін жұмыла жұмыс істеуге дайынмын деген азаматтарға есігіміз айқара ашық», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья.

Одан өзге идеяны өндіріске айралдыра білген білікті маман Нұрлыбаев Руслан нанотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерге құрал жабдықтардың жеткіліксіздігін, PhD доктор Азат Сейтхан мемлекеттік гранттық конкурстардың аса қатаң талаптарының жас ғалымдарға тиімді ету жолдарын айтты.

Жиында бас қосқандар ғалымды қоғамға танытуды бүгіннен бастау керегін айтты. Олардың ғылыми еңбектерінің өзектілігі мен пайдасын БАҚ, әлеуметтік желі арқылы көрсетіп отыру керек. Сол арқылы  бизнес өкілдері, жас ғалымдар өз қажетін алып отырады. Жалпы, ғылым саласындағы ақпараттандыруды, қазақ тілді контентті дамыту ұсынылды. Телеарналарда, баспасөз бен интернет сайттарда ғылымды қолдайтын тұрақты, арнайы жобалар керегі сөз болды.

Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Рамазан Бекбол мен Әкім Тұрсын қалалық деңгейдегі ғылым мәселелеріне белсене атсалысып, мәслихат сессияларында көтеретіндерін айтты.

Тағы бір ұсыныс, Республикадағы ғалымдардың басын біріктіру. Салалық бағытта ұлттық қауымдастықтар құрып, үкіметтік деңгейде қолға алынған өзгерістерге талдау жасайтын орта қалыптастыру. Одан өзге жас ғалымдардың Ұлттық академиясын құру бойынша нақты тұжырымдама мен мүлтіксіз жүйе әзірлеу ұсынылды. Кездесу қорытындысы бойынша, жас ғалымдар кезекті отырысқа дейін аталған тұжырымдаманы әзірлемек.

Пікірлер