«Самұрық-Қазына» тобындағы басшылық лауазымдардың үштен бірін әйелдер атқаратын болады

1516
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Астанада квазимемлекеттік секторында әйел басшыларды даярлау бойынша «Гендерлік теңдік» бағдарламасының бітіру рәсімі өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бұл оқу жобасы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен құрылған және квазимемлекеттік секторындағы компаниялар мен ұйымдардың басқарушы органдарында әйелдердің үлесін арттыруға бағытталған.

Жоба ҚР Президентінің мемлекет қатысатын компаниялардағы басшылық лауазымдардағы әйелдердің 30%-дық өкілдігі туралы тапсырмасын іске асыру тетіктерінің біріне айналды.

Салтанатты рәсімде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева:

«Ұлттық комиссия қоғамдық негізде жұмыс істейтін және белгілі бір саланың дамуына және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге үлкен үлес қосатын өте белсенді және перспективалы әйелдерден тұрады.
Бүгінде Әйелдер қозғалысы жаңа жарқын өкілдермен және көшбасшылармен толықтырылуда. Сіздердің әрқайсыңыздың қазақстандық қоғамдағы әйелдердің жағдайын жақсартуға ықпал ететін өз идеяларыңыз, бастамаларыңыз, жобаларыңыз бар екеніне сенімдімін. Менің ойымша, әйелдерді әртүрлі компаниялардың Директорлар кеңесіне қосуды көздейтін бүгінгі жобамыз бірегей»,- деп атап өтті.

«Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов өз сөзінде: «Бүгін компанияларды басқаруға бағытталған тәсілдерді жетілдірудің өте маңызды кезеңін аяқтап отырмыз. Бізде шешім қабылдау деңгейінде жұмыс істеуге дайын әйелдер пулы бар. Біздің көшбасшыларды даярлау тәжірибеміз бүкіл елге пайдалы болатынына сенімдімін және біз оны бөлісуге дайынбыз»,- атап өтті.

Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» тобында 259,5 мың адам, оның ішінде 72 мың әйел жұмыс істейді. 8,5 мыңға жуығы бөлім бастығы лауазымынан бастап басшылық лауазымға дейін қызметте. Бұл жалпы басшылар санының шамамен үштен бір бөлігі. Дегенмен жоғары басшылықта (басқармалар, директорлар кеңестері, байқау кеңестерінде) әйелдердің үлесі тек 15%.
Бұл көрсеткішті 2023 жылы 20%-ға дейін және 2030 жылға қарай 30%-ға дейін арттыру бойынша қадамдар қабылдануда. Осыған байланысты әйелдер көшбасшылығы дағдыларын қалыптастыру, әйел көшбасшыларды ынталандыру және ілгерілету, гендерлік теңдік басымдықтарына қол жеткізу жөніндегі ортаны дамыту үшін жағдайлар жасалады.

Осы міндеттерді іске асырудың тиімді құралдарының бірі «Гендерлік теңдік» бағдарламасы болды. «Гендерлік теңдік» бағдарламасының арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен басқарушылық тәжірибесі бар «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қызметкерлері мемлекеттік компаниялардың директорлар кеңестері мен байқау кеңестерінің құрамына кіру үшін менеджменттің қосымша курстарынан өтті. Бүгін 71 әйел курсты аяқтап, сертификат алды. 15 түлек орталық мемлекеттік органдар, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар жанындағы сараптамалық топтарға енгізілген. Тағы 10 қатысушы мемлекеттік компаниялардың басқару органдарына қабылданды.

Пікірлер